«Жалақы алмаймыз»: Мұрат Әбенов Халық Кеңесіндегі жұмысы туралы айтты
Мұрат Әбенов Кеңес мүшелері мемлекеттік қызметші саналмайтынын және қоғамдық негізде жұмыс істейтінін айтты.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істеп, жалақы алмайды. Бұл туралы Кеңестің алғашқы сессиясы кулуарында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Мәжілістің бұрынғы депутаты Мұрат Әбенов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әбеновтің айтуынша, Кеңес мүшесі болу мемлекеттік қызметші мәртебесін алуды, жеке кабинет немесе қызметтік көлік беруді көздемейді.
Жалақы алмаймыз. Бұл – адамдар белгілі бір лауазым атқармайтын жоғары консультативтік орган. Біз мемлекеттік қызметші болып саналмаймыз, бізге бекітілген кабинеттер мен көліктер болмайды. Әркім өз жұмысымен айналысады. Жұмыс толығымен тегін, қоғамдық негізде жүргізіледі, – деді Мұрат Әбенов.
Қазақстан Халық Кеңесінің мәртебесі Конституцияда бекітілген. 70-бапқа сәйкес, бұл – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган. Оның құрылу тәртібі, өкілеттігі мен қызметін ұйымдастыру тәртібі конституциялық заңмен айқындалады.
Халық Кеңесі қаншалықты жиі жиналады?
Жаңа органның жұмыс форматы туралы айтқан Әбенов отырыстар кемінде жылына бір рет өткізілуі керек екенін атап өтті. Сонымен қатар оның пікірінше, Кеңес одан да жиі жинала алады.
Жылына кемінде бір отырыс болуы керек. Бірақ өз тәжірибеме сүйенсем, тоқсанына бір рет жиналуға болады деп ойлаймын. Мұндай институттар Францияда да, Еуропалық одақта да бар. Бұл – ашық әрі бюрократиядан ада пікірталас жүретін, ұсыныстар айтылып, түрлі пікірлер талқыланатын консультативтік демократияның қалыпты институты, – деді ол.
Конституция Қазақстан Халық Кеңесіне ішкі саясаттың негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу өкілеттігін береді. Сондай-ақ Кеңес Құрылтайға заң жобаларын енгізіп, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтере алады.
Кеңес журналистер үшін ашық бола ма?
Кулуарда Әбеновтен Халық Кеңесінің жұмысы БАҚ өкілдері үшін қаншалықты ашық болатыны да сұралды. Ол жаңа орган журналистер үшін қолжетімді болады деп сенім білдірді.
Мен қай жерде жұмыс істесем де, әрдайым ашық болдым және алдағы уақытта да осы ұстанымымды жалғастырамын. Халық Кеңесі ашық жұмыс істейтініне сенімдімін. Мұнда барлығы тәуелсіз адамдар, әрқайсысы қоғамдық ұйымның, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің атынан өкілдік етеді, – деді Әбенов.