Елордада жылы аялдамадан жалаңаш ер адам ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұзақы қолына таяқ ұстап алып жылы аялдаманың әйнектерін ұрғылаған.

Бүгін Нұр-Сұлтанда таңғы сағат 03.03 шамасында елордалық ПД-нің Жедел басқарма орталығының 102 пультіне қала тұрғыны хабарласты. Ол белгісіз ер адамның Бейбітшілік көшесіндегі аялдаманы бүлдіріп жатқанын айтқан.

Полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына жеткен кезде киімін шешіп тастап, аялдаманың тас-талқанын шығарып, қоғамдық тәртіпті бұзып жатқан ер адамды көрді. Полиция қызметкерлері азаматты ұстамақ болған кезде ол орындықтың сынған ағашымен тәртіп сақшыларына тап беріп, қарсылық танытқан. Алайда, полицейлер қоғамдық тәртіпті бұзған адамды аз уақыттың ішінде құрықтады, - делінген ПД хабарламасында.

Қазір ұсталған бұзақының есімі белгілі болды. Ол бұрын ұрлық және қарақшылық әрекеттері үшін сотты болған 1975 жылғы Артем Беленьский есімді азамат. Ұсталған сәтте мас болған. Елордада тұрақты тұрғылықты жері жоқ. Бұдан бөлек, ұрлық жасады деген күдікке ілінген.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 293-бабы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Ер адам Нұр-Сұлтан қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы