"Жалаң сөз күйінде қалып отыр". Бектенов ауылдағы емхананың құрылыстарын сынады

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте бірнеше рет қаралған мәселенің әлі шешім таппай келе жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын жүзеге асыру жұмыстарының тиімсіз жүріп жатқанын атап көрсетті. Бұл мәселе Үкіметте бірнеше рет қаралды, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы 309 объектіні салу жоспарланған болатын. Алайда, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті, - дейді ол.

Бектенов Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алғанын баса айтты. 

Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ. Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кетті. Сондықтан, ауылдық жерлердегі медицина объектілерінің құрылысын бастау мерзімдері бұзылды. Мұның бәрі жоспарлардың өзгеруіне әкеп соқты. Соның салдарынан өткен жылы тек 99 объектіні тапсыру туралы шешім қабылданған болатын.Бірақ оның өзіне қол жеткізілген жоқ. Әлі күнге дейін 7 объект аяқталмады.Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді. Бұл жұмыс та аяқсыз қалды, - дейді Премьер-министр.

Премьердің дерегінше, қазіргі таңда 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалды.

Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр. Ал, құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді . Әлі күнге дейін көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Сондай-ақ, оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақытты алады, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы