Жалақымның өскеніне қуаныштымын – маңғыстаулық дәрігер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шымкенттен дипломмен батыс өңіріндегі ауылға барған жас дәрігер Ақерке Ақылбаева жалақысының өскеніне қуанышты екенін және осы уақытқа дейін Үкімет тарапынан алған көмегін айтып берді.

Айтуынша, дипломмен бірге отбасын Маңғыстауға көшіріп әкелген. Енді міне, 2 жылдан бері дәрігер болып ауылда жұмыс істеп жатыр.

«2017 жылдың қазан айынан бері Маңғыстау облысындағы Қарақия орталық аудандық ауруханасында жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істеймін. Өзім – Шымкент қаласының қызымын. Қ. А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ түрік университетінің, жалпы медицина факультетін бітірдім. 2010-2017 жылдар аралығында оқыдым. Дипломмен ауылға бағдарламасымен Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық селосына осы – Қарақия орталық аудандық ауруханасына жұмысқа келдім. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Келген кезде бір реттік көтерме жәрдемақы алдық. Тағы Үкімет тарапынан үй алуға 3 млн 600 мың теңге пайызсыз несие де алдық. Енді міне маусым айынан бастап айлығымыз 30% көтерілді, біраз жақсы болып қалды. Үкімет тарапынан осынша көмек болып жатқанына қуаныштымыз. Балам мен жолдасым бар. Енді осы жақтан көшкіміз де келмейді. Ауылдық тұрғындарға қатты бауыр басып қалдық. Үлкен аталар да «Ақерке» деп іздеп, көмек сұрап тұрады. Сондықтан алған білімімізді аямай еңбек етуге дайынбыз. Әрине, еңбегіміздің ақысын көтергені екі есе қуаныш болды», - деп бөлісті ауылдық дәрігер.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 1 маусымнан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Қазір осы салада еңбек етіп жатқан жандар «көтерілген» жалақыларын алып, қуанып жатыр. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шымкент қалалық №5 емханасының аға медбикесі Райхан Көмекова өзінің айлығы 30% өскендігі туралы айтқан болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы