Жалғызбасты аналар мен мүгедектерді қолдау. Nur Otan праймеризіне қатысушылардың көздегені не?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осыдан тура бір апта бұрын елімізде Nur Otan-ның партияішілік іріктеуі - праймеризге қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды. 

Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Nur Otan праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді.

Партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі екенін айтқан болатын. Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау.

Партия баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір апта ішінде праймеризге қатысуға 7000-ға жуық адам өтініш берген. Олардың 34%-ы – әйелдер, оның ішінде 100-і –  көпбалалы ана, . 24%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. , сондай-ақ 51-і – ерекше қажеттілігі бар азамат. Бастауыш партия ұйымдары арқылы 2419 адам ұсынылса, 4496 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар. 

Солардың бірі - «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының басшысы Жәмилә Садықова. Әлеуметтік желілердегі парақшасында ол өзінің денсаулық сақтау саласындағы білімін азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға пайдалану үшін праймеризге қатысатынын айтты.



Айтарым ғана емес, атқарсам деген істерім де жетерлік. Өз елімде декларативті емес, нақты, сапалы өзгерістер жасағым келеді. Қазақстандықтардың денсаулығын сақтау үшін темекіге қарсы бастамалар мен шараларды қолға алғаным сияқты бар күш-жігерімді салып жұмыс істеуге, өз үлесімді қосуға дайынмын, - деп жазды Жәмилә Садықова.

Ал алматылық кәсіпкер, қоғам белсендісі Константин Авершин сыбайлас жемқорлық мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, сыбайлас жемқорлық – денсаулық сақтау немесе білім беру жүйесіндегі кез келген олқылықтың  негізгі себебі. Сонымен қатар, ол праймериз – қатаң бәсекелестік негізде ең мықты кандидаттарды іріктеуге жағдай жасайтын ерекше мүмкіндік екенін атап өтті.

Бастауыш партия ұйымының атынан түсесің бе, әлде өз-өзіңді ұсынасың ба, ол жағы маңызды емес. Дәл қазір ең бастысы – өз қабілетіңді, атқара алатын ісіңді көрсету. Nur Otan партиясын қайта жандандыру жүріп жатыр. Бұл жай ғана айтып қоя салу емес, праймеризге жұмыс істеуге және өзгеріс жасауға дайын адамдар қатысады,-деп түйді Константин Авершин.

Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін қалалық ортаны ыңғайлы ету мәселелерін волейболдан Қазақстан паралимпиадалық жастар құрамасының капитаны Серік Есматов көтермек.

Мен мүмкіндігі шектеулі адаммын, сондықтан өзім сияқты жандардың қандай қиындықтармен ұшырасатынын жақсы білемін. Осы тұрғыдан тек туған қаламдағы емес, бүкіл Қазақстандағы жағдайды жақсартсам деген жоспарым бар, - деді спортшы.


Еріктілер лигасының басшысы Айсұлу Ерниязова өкілдік органдарда жастардың мүддесін білдіруге талпынып отыр. Айсұлудың айтуынша, партияның жастарға сенім артуы, оларға жауапкершілік жүктейді.

Праймериз – ең алдымен жаңа тарихты жасайтын жігерлі тұлғалар мен жаңа толқын. Мен мұны партияның тактикалық және стратегиялық дұрыс шешімі деп есептеймін. Күрес өте қызықты бәсекелестік жағдайда өтеді. Жас буынның мүддесін көздей отырып, мемлекеттік жастар саясатын басты назарда ұстаймын. Қандай өзгерістердің жастарға керегін және қандай мәселелердің алаңдататынын жақсы білемін, - деді кандидат. 

Ал жалғызбасты аналарды қолдау мәселесін Павлодардан келген Жәмилә Ерназарова қолға алмақ.
Праймеризге қатысудағы мақсатым – павлодарлық отбасыларға, ең алдымен кәмелетке толмаған балалары бар жалғызбасты аналарға одан әрі жүйелі қолдау көрсету, - деді ол.

Танымал шоумен Тұрсынбек Қабатов та праймеризге қызығушылық танытып отыр. Ол Instagram желісіндегі оқырмандарына партияішілік іріктеуге қатысқаным жөн бе деген ой тастап, олардың пікірлерін сұрады. Айта кету керек, Тұрсынбек Қабатов өткен жылдың қараша айынан бері Nur Otan партиясының мүшесі. Оның бастамасын көпшілік қолдады.

Билеуші партияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, праймеризге қатысу үшін өтінішті primaries.kz сайтында «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн жолдауға немесе аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өтініш беруге болады. Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады.

Партия құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер бола алады. Ол үшін праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін Nur Otan-ның қатарына қосылу керек.

Праймериз өткізу, сондай-ақ кандидаттарға ұйымдастырушылық және құқықтық қолдау мәселелері бойынша Nur Otan партиясы 8 (800) 080 4441 арнайы жедел желіні іске қосты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы