Жақсылық Оспанов: Қызылордада кенжелеп қалған спорт түрі жоқ

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордалықтардың 30 пайыздан астамы спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Халықты спортқа тартып, қызығушылығын арттыру үшін 138 елді мекенде 282 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді. Осы және өзге де бұқаралық спортты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарымен танысу үшін облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспановпен сұхбаттасқан едік.

– Сіз қызметке келгелі аймақтағы дене шынықтыру және спорт саласы қалай өзгерді?

– Коронавирус пандемиясы кезеңіндегі уақытша шектеулерге қарамастан саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту, спорттық нысандарды жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілді.

Бұл ретте, «Жұмыспен қамту 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында спорт саласы бойынша 22 жоба жүзеге асты. Атап айтсам, оның ішінде 9-ы жаңа құрылыс жұмыстары болса, 10-ы ағымдағы жөндеу жұмыстары, 2-уі қайта жаңғырту және 1-уі күрделі жөндеу жұмыстары.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы байдарка және каноэ есу базасының құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қала және аудандарда 8 жаттығу және стритбол алаңдары пайдалануға берілді. Сондай-ақ, облыс көлеміндегі балалар-жасөспірімдер мектептерінің ғимараттары, спорт клубына, спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары, Ж.Бахадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің футбол, волейбол және баскетбол алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентіндегі Орталық стадионға және №6 облыстық олимпиаладық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің теңгеріміндегі стадионға қайта жаңғырту жұмыстары жасалды.

2020-2021 жылдарға мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жоспарланған 12 жобаның бесеуі іске қосылып, 55 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды. Кешендерде ашылған 60 спорт секциясына 720 бала тартылды. Қалған жетеуін жыл соңына беріледі.

– Жаңадан салынып жатқан спорт кешендері бар ма?

– Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында 5 спорт кешені «Жұмыспен қамту» жол картасы және 5 спорт кешені «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары бойынша осы жылы құрылысын бастау жоспарда бар. Сонымен бірге, биылғы жылы «Самрұқ» корпоротивтік қорының демеушілігімен Қызылорда қаласы, Ж.Махамбетов ауылдық округінен көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы салынады. Сондай-ақ, «Нұрсәт» теннис орталығының 4 жабық теннис кортының құрылыс жұмысы жүргізілуде.

– Уақытының көбін спорт залдарында өткізетін спортшылардың жаттығуына пандемия қалай әсер етті? Сыр спортшылары әлі де бабында ма?

– Былтыр пандемия кезеңіндегі уақытша шектеулерге қарамастан облыс спортшылары үйде, ашық алаңдарда жаттығып, спорттық формаларын жоғалтпады. Осының нәтижесінде республикалық, халықаралық онлайн жарыстарға қатысып, белсенділіктерін көрсетті. Соның бірі 2020 жылдың қараша айында  Перудің Лима қаласында  ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен онлайн Әлем кубогында жерлестеріміз Рахат Бекболат пен Айсамал Сансызбаева жеңімпаз атанды.Пандемия кезінде онлайн жарыста алғашқы рет өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған Сыр спортшылары Рахат Бекболат үшінші мәрте Әлем рекордын жаңартса, Айсамал Сансызбаева қыздар арасында Кубоктың «Үздік спортшысы» болды. Сонымен қатар, Алматы қаласында күрес түрлерінен өткен Қазақстан чемпионатында жерлестерімізоблыс құрамасы жалпы командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Ал осы жылдың басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, спортшыларымыз Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 531 медальдарды жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарында 47 медальдарға қол жеткізді.

Олардың ішінде Ақтау қаласында дзюдодан өткен Азия кубогында Мағжан Шамшадин чемпион атанса, Салтанат Сұлтанбекова, Бауыржан Жауынтаев пен Айбек Серікбаевтар қола жүлделерді иеленді.

Сондай-ақ, Үндістанның Нью-Дели қаласында стенд атудан өткен Әлем кубогында Айжан Досмағамбетова күміс, Максим Коломоец қола жүлделерге ие болды.

Алматы қаласында күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатында жерлестеріміз Айдос Сұлтанғали грек-рим күресінен алтын медаль алса, әйелдер күресінен Асылзат Сағымбай қола жүлдені еншіледі.

Польшаның Кельц қаласында бокстан жастар арасында өткен Әлем чемпионатында Әсел Сағатова қола, Өзбекстанның Ташкент қаласында ауыр атлетикадан өткен Азия чемпионатында Айзада Мүптілда қола жүлделерге қол жеткізді. Тайландтың Бангкок қаласында пара пауэрлифтингтен өткен Әлем кубогында Станислав Шакиевалтын медальді жеңіп алды.

Өзбекстанның Ташкент қаласында ауыр атлетикадан жастар арасында өткен Әлем чемпионатында Рахат Бекболат пен Айсамал Сансызбаева алтын медаль иеленіп, еліміздің Әнұранын шырқатты.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қажымұқан Мүңайтпасұлының 150 жылдығына арналған қазақ күресінен XII облыстық «Алтын белбеу» жарысы ұйымдастырылып, 4 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турниріне Нұрым Сәлімгереев пен Мақсат Исағабылов жолдама алды. 

– Биылғы Токио Олимпиадасында қызылордалық спортшыларға жанкүйер бола аламыз ба?

– Төрт жылда бір келетін спорттық оқиға – Жапонияның Токио қаласында жазғы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы күн қалды. Қазіргі таңда облыстан екі спортшымыз жолдама алды, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шеберлері, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен еркін күрес балуаны Дәулет Ниязбеков. Қазір екі спортшымызда ұлттық құрама сапында тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, каратэші қызымыз Мөлдір Жаңбырбай 11-13 маусым аралығында Францияның Париж қаласында өткен лицензиялық жарыста екінші орынды иеленіп, Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

– Қызылордада спорттың қай түрі дамыған, қай түрінде маман жетіспейді?

– Өңірде спорттың 79 түрі қарқынды даму үстінде. Оның 25-і жазғы олимпиадалық, 24-і олимпиадалық емес спорт түрлері, 3-уі қысқы олимпиадалық спорт түрі, 9-ы ұлттық спорт түрі, 7-уі сурдлимпиалық спорт түрі, 9-ы пара спорт түрлері. Кенжелеп қалған спорт жоқ бізде, барлық спортты қолдауға, дамытуға жұмыс жасап жатырмыз. Қай спорттың дамуы үшін алдымен қолайлы жағдайдың болуы керек. Бұл бағыттағы шаралардың да бет алысы жаман емес. Мұның барлығы спорт түрлерінің дамуына, жалпы халықтың салауатты өмір салтын ұстануына ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

– Болашақ чемпиондар қайда жаттығып жатыр?

– Бұқаралық спортты дамытумен қатар бәсекеге қабілетті біліктілігі жоғары спортшыларды даярлау жұмыстары жүргізілуде. Жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында Олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжі, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және балалар мен жасөспірімдердің 21 спорт мектебі бар. Бұл мектептерде 20 964 спортшы 48 спорт түрімен тегін жаттығады.

Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде, спорт клубтарында дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын 7-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер саны 29 876 жетіп, 17,6 пайызды құрады.

Сонымен қатар, бүгінгі күні 7 аудан орталығында және Қызылорда қаласында 8 дене шынықтыру-сауықтыру клубтарында 13613 адам спортпен тұрақты шұғылданады.

– Сұхбатыңызға рақмет!


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы