Жаһандық тәртіп шайқалып барады – Солтүстік Македония президенті

AIF-2025 халықаралық форумында сөз сөйлеген Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова әлемдегі геосаяси ахуалға ерекше тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент өз сөзінде форумның «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты қалыптастыру» ұраны терең мәнге ие екенін атап өтті.

Адам ойы – жарықтан да жылдам. Біз тек ұжымдаса әрекет ету арқылы заманауи күрделі мәселелерді шеше аламыз. Қазір біз Ахмет Давотаоглу "жүйелі жер сілкінісі" деп сипаттаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Геосаяси тұрақсыздық пен соғыстан кейінгі тәртіп үнемі шайқалып тұр. Бұл әлемдік басқару жүйесінің іргесін сілкінтіп жатыр, – деді Гордана Силяновска-Давкова

Оның айтуынша, ережелерге негізделген мультилатералды жүйе біртіндеп ыдырап, әлем мультиполярлы сипатқа еніп барады.

Біз жаһандық мәселелерді – климаттың өзгеруі, қауіпсіздік, цифрлық трансформация сияқты маңызды бағыттарды шешудің орнына, кейде кері қадам жасап жатқандаймыз. Саясат өзінің бастапқы қызметінен алыстап, тек кім жеңеді деген бәсекеге айналды. Бұл – Макиавеллидің әлемі. Лорд Эктон айтқандай, билік сыбайлас жемқорлыққа жол ашады. Егер халықаралық құқық пен қағидалар билік иелерін тежемесе, біз жаңа дағдарыстарға тап боламыз, – деді Силяновска-Давкова.

Ол сондай-ақ қазіргі халықаралық тәртіпті бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес екенін айтты. Сондықтан көптеген елдер өңірлік блоктар мен одақтарға бет бұрып отыр.

Бұл геосаяси әрі геоэкономикалық бәсекелестікті ушықтыра түседі. Ал климат дағдарысы жағдайды тіпті қиындатады. Саясат нақты шешім табудың орнына, стратегиялық жеңістер үшін күрес алаңына айналған, – деді Солтүстік Македония президенті.

Еске сала кетсек, ауқымды іс-шара Астанада өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AIF-2025 әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отырғанын, сондай-ақ Қазақстан 450 ядролық сынақтың зардабымен әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Президент жиын барысында Қазақстан қандай қағидатты қатаң ұстанатынын, сонымен қатар еліміз жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән беретінін айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан AIF-2025 форумында елімізде қандай реформалар жүргізілгенін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне реформа керек екенін атады. Сонымен қоса Президент ынтымақтастық туралы айтып, форум не үшін құрылғанын атап өтті.

Жиын барысында сөз алған Руанда президенті Поль Кагаме Астанада Қазақстан халықтың батылдығының нәтижесінде ел гүлденіп жатқанын айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы