Жаһандық сын-қатерлерге қарсы бірлесіп әрекет етуіміз керек – сарапшы
Kazakhstan Energy Week – 2025 аясында өткен “Климаттың өзгеруі және орнықты энергетика” тақырыбындағы жоғары деңгейлі отырыс барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Араб мемлекеттері лигасы алғаш рет осы бағыттағы бірлескен сессия өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сессияда сөз алған Араб мемлекеттері лигасының қоршаған орта жөніндегі директоры Махмуд Фатхаллах бұл іс-шараның маңыздылығына тоқталып, климаттың өзгеруіне бейімделу мен энергетикалық төзімділікті арттыру мәселелеріне назар аударды.
Климаттық өзгерістерге бейімделу – біздің негізгі міндетіміз. Ол үшін энергетикалық инфрақұрылымды қайта қарап, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, смарт және озық технологияларды кеңінен қолдану қажет. Сонымен қатар заңнамалық және стратегиялық негіздерді қайта қарап, қаржылық инвестицияларды арттыру – төзімділікті қамтамасыз етудің маңызды тетіктері, – деді ол.
Махмуд Фатхаллах климат, қоршаған орта және энергетика саласындағы саясатты жетілдіруде институционалдық тетіктердің, соның ішінде арнайы министрлік кеңестер мен су мәселелеріне арналған өңірлік платформалардың маңызын атап өтті. Ол сондай-ақ климаттың өзгеруі мен су тапшылығы арасындағы байланысты шешуге бағытталған Араб елдерінің бастамалары туралы айтты.
Біз жаһандық сын-қатерлерге қарсы бірлесіп әрекет етуіміз керек. Араб лигасы Еуропалық кеңеспен және Азия мемлекеттерімен белсенді түрде ынтымақтасып келеді, – деді ол.
Сондай-ақ ол 2025 жылғы форум аясында ШЫҰ мен Араб мемлекеттері лигасы арасында қыркүйектің 22-сінде қол қойылған келісімшарт жайында айтып өтті. Бұл келісім екі ұйым арасында тұрақты диалог орнатуға, ортақ бастамаларды іске асыруға және кеңес форматындағы кездесулер өткізуге берік негіз қалайды.
Бұл бастама алдағы уақытта құнды идеялар мен нақты шешімдер ұсынатын пайдалы алаңға айналады деп сенемін, – деп қорытындылады Махмуд Фатхаллах.