Жаһандық дағдарысты еңсеруде әйелдер маңызды рөл атқарады – Ләззат Рамазанова
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нью-Йоркте БҰҰ-ның Әйелдердің жағдайы жөніндегі комиссияның «Әйелдердің қоғамдық өмірге және шешімдер қабылдауға жан-жақты және тиімді қатысуы, сондай-ақ гендерлік теңдікке қолжеткізу үшін зорлық-зомбылықты жою, әйелдер мен қыздардың рөлін күшейту» тақырыбындағы 65-сессиясы өтуде.
Онлайн түрде ұйымдастырылған іс-шараға биылғы 25 наурызда Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова қатысып, баяндама жасады.
Ләззат Рамазанова баяндамасында Қазақстан БҰҰ-ның жауапты мүшесі ретінде әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді атсалысуына елде барынша жағдай жасап отырғанын атап өтті. Қоғамның барлық саласындағы шешім шығару деңгейінде әйелдердің мүмкіндіктерін арттыру шаралары қабылданғанын атады.
Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметтеріне сәйкес, әйелдердің экономикаға атсалысу деңгейі жағынан 153 елдің арасында Қазақстан 37 орында. Бұл еліміздегі жасалып отырған реформалар және қазақстандық әйелдердің экономикаға қосқан үлесінің нәтижесінде қол жеткізіп отырған жетістік.
Қазақстандық қыз-келіншектер ел экономикасын дамытуға, дағдарысты еңсеруге және экономиканы қарқынды ілгерлетуге белсенді атсалысуда. Бұл ретте қыз-келіншектердің қосып отырған үлесі зор. Елде әйелдер кәсіпкерлігі мемлекет тарапынан қолданады. Қазір еліміздегі шағын және орта бизнес секторындағы жұмыс орындарының үштен бірін әйелдер қамтамасыз етіп отыр. Әсіресе қыз-келіншектер саны жеке кәсіпкерлік, сауда және қаржы салаларында басым. Осылайша іскер ханымдар осы салаларды дамытуға ықпал етуде, - деді Ләззат Рамазанова.
Ұлттық комиссия төрайымы пандемиямен күресте алдыңғы қатарда жүрген қазақстандық медициналық, әлеуметтік қызметкерлер мен педагогтардың 70%-ы әйелдер екенін атап өтті. Үкімет оларға қолдау көрсетіп, осы салалардағы қызметкерлердің еңбекақысын арттырды. Еңбекақыны одан әрі кезең-кезеңмен арттыру алдағы жоспарда көзделген. Әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін нығайту әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодексте қарастырылғанын атады.
Елде әйелдер мен балалар құқығын қорғау шаралары қабылдануда. Мемлекет басшының тапсырмасы бойынша отбасылық зорлық-зомбылық және жыныстық сипаттағы қылмыстарға қатысты жауапкершілік күшейтілді, сондай-ақ мұндай қылмыстардың алдын алу үшін заңнамалық тұрғыда жұмыстар жүргізілуде.
Әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін арттыруға Қазақстан ел ішінде де, жаһандық деңгейінде де аса мән беруде. Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі тоқтатуға бағытталған БҰҰ-ның «Spotlight» бастамасына Қазақстан Үкіметі қолдау танытып отыр. Бұл жобаның тұтас Орта Азия өңіріне өз нәтижесін беретініне сенімдімін, - деді Ләззат Рамазанова.
Сонымен қатар Қазақстан 2021 жылы өтетін «Тең құқылы ұрпақ» (Generation Equality Forum) жаһандық форум аясында гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және экономикалық әділдік мәселелеріне қатысты Коалицияларға белсенді түрде қатысатынын атап өтті. Онымен қоса Ұлттық комиссияның төрайымы ауғандық әйелдерге арналған білім беру бағдарламасының іске асырылу барысына да тоқталды.
100 ауғандық қыз-келіншекті оқыту бойынша Қазақстан, Өзбекстан және ЕуроОдақтың бірлескен үшжақты жобасының екінші кезеңі басталды. Қыз-келіншектердің басым бөлігі түрлі мамандықтар бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарда білім алатын болады, - деді Ләззат Рамазанова.
Сондай-ақ Аймақтық білім орталығын іске қосуға және осы орталықтың негізінде серіктестердің қолдауымен әйелдер мен ерлердің тең құқығын қамтамасыз ету бойынша озық тәжірибелермен алмасатын бірыңғай банк құруға Қазақстанның дайындығын жеткізді.
Бұл Орталықтардың жұмысы жаһандық сын-қатерлерді кезең-кезеңмен жеңуге, тұрақты дамуды ілгерлетуге ықпал етеді, - деді Ләззат Рамазанова.
Естеріңізге сала өтейік, Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссия – БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесі жанындағы қосалқы құрылымның бірі. Оның құрамына 45 ел мүше. Комиссияның биылғы сессиясы гибридтік форматта өтуде.