Жаһандану заманында жұтылмау үшін ұлттық құндылықты насихаттау керек – Баһаргүл Төлегенқызы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коллекционер-этнограф Бахаргүл Төлегенқызын қазақтың қолданбалы ұлттық өнерін насихаттаушы ретінде жақсы білеміз. «Әдемі-ай» компаниясының директоры өз туған күнінде әдемілік саласындағы империяны қалай қалыптастырғаны туралы айтып берді.
Өмір мен өнер
Бахаргүл Төлегенқызының балалық шағы Қытайдың Шәуешек қаласында өткен. Қазақтың қолданбалы ұлттық өнеріне деген қызығушылығына анасы өзінің кестелеп тігу және киіз басу сияқты қолөнермен ықпал еткен. Орта мектепті бітірген Бахаргүл Төлегенқызы Пекин мемлекеттік университетінің «Биология» факультетіне оқуға түседі.
Оның айтуынша, оқу барысында тарих және этнографияға қызығушылық танытады, Қытай антиквариаттық бұйымдары сақталған мұражайларға жиі баратын.
Қызығушылығының арқасында қоладан жасалған Қытай мүсіндерін жинай бастайды. 1994 жылы университетті бітіріп, дипломын қолға алып, Қазақстанға алғаш рет жол тартады. Қазақстанда өзінің кандидаттық диссертациясы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, қосымша қолданбалы өнерді зерттеп, ежелгі бұйымдар коллекциясын жинаумен айналысады.
Елге келген соң бизнес ашып, тұрмысты жақсарту мақсаты тұрды. Себебі 90 жылдар аумалы-төкпелі кезең еді. Сол кезде бизнесімді бастадым. Ол кезде бос тұрған саланы толықтырдым десем де болады. Ол кезеңде халықтың салт-дәстүрі әлсіреп қалған еді. Мәдени құндылықтарды насихаттайтын адам керек болды. Сондықтан осы бизнесті ұлтжанды азамат ретінде бастадым деп айтуға болады. Осылайша, өзім сүйген және жүректің қалауымен осы кәсіпті бастадым,- дейді Бахаргүл Төлегенқызы.
Оның айтуынша, бизнестің бастапқы кезеңінде базарда киім-кешек, көйлек-көншек сатқан.
Сол кезде «қаланың ортасынан дүкен ашсам» деген арманым болды. Ол жай дүкен емес, бағалы сыйлық, баламасы жоқ мүсіндердің дүкені болғанын қаладым. Ол кезеңде мәдени және діни заттарға да сұраныс көп болды. Қытайдың феншуйдің заттарын сатқан кездер болды. Бірақ маған қазақтың ұлттық әшекейлерін сатып, неге насихаттамаса деген ой келді. Қаланың ортасынан дүкен ашу туралы арманым орындалып, Алматы қаласының Әуезов көшесіндегі екі бөлмелі пәтерді дүкенге айналдырдым. Онда әлі де заттарды шетелден алдыратынмын, - дейді ол.
Баһаргүл Төлегенқызы біртіндеп Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары бой көтерген ескерткіштерді жасай бастағанын айтты.
Халықтың дәстүрімен байланысты асық, қобыз, домбыра, торсық, киіз үйлерді жасап шығардым. Оларды жасай отыра «жақсы сөз-жарым ырыс» ұстанымымен тілек сөздерді де қостым. «Жортқанда жолың жолың болсын», «Асығың алшысынан түсісін», «Шаңырағың биік болсын» деген тілектерді қостым. Тарихпен байланысты кәдесыйларды да әзірледім. Оның ішінде Ежелгі сақтардың мәдениетіндегі алтын адамдардың әшекей-бұйымдарын жаңғыртып шығардым, - деді қолөнерші.
Кәсіп пен нәсіп
Кәсіпкердің айтуынша, бизнес бастаудың ең басты алғышарты – нақты жобаның болуы.
Тұлғаның ықыласы мен ниеті де болу керек. Өзіңнің жаның қалаған іспен айналысу керек. Жобаның сәтті іске асатынына сенуің керек. Себебі өзіңе сенім болмай, ешқандай іс алға баспайды. Әрине, тәуекел ету керек. Қорықпай, батылдықпен қадам басу керек. Діттеген мақсатты жүзеге асыратын күш-қайрат пен кәсіпке деген махаббат болу керек,- деді ол.Баһаргүл Төлегенқызы әшекей бұйымдардың коллекциясын да жинайды.
Оларды жинау хоббиден басталды. Алғашында қазақ халқының тұрмыстық бұйымдарын, ат-әбзелдерін, батырлардың қару-жарақтарын, киіз үйдің жабдықтары мен зергерлік бұйымдарды жинаған едім. Кейін хобби Қазақстанда тұңғыш рет жеке мұражай ашу жолына жеткізді. Қазіргі «Әдемі-ай» музейі Әділет министрлігінде тіркелген тұңғыш жеке музей болып отыр. Ол музей Орта Азия халықтаарның алтын және күміс бұйымдарының бірден-бір иегері екенін БАҚ-та жазып жазды. Бұл 15 жыл бойы антиквариат, тұрмыстық заттар және күміс зергерлік бұйымдарды іздестіру мен ұйымдастырудың нәтижесі. Коллекцияда археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде алынған VI-VII ғасырға жататын сирек кездесетін заттар да бар, - деді Баһаргүл Төлегенқызы.Оның айтуынша, мұражайда Отырар керамикалары да бар. Олардың 10-нан астам түрі бар.
Оның ешбірін сатпаймын. Өскелең ұрпаққа көрсетуге жыл сайын «Ұлт жауһарлары» деген көрмені ұйымдастырып, қазақтың көне өнерін халық арасында насихаттап, оның ұмытылмауы үшін қызмет етіп келемін. «Ұлт жауһарлары» деген фотоальбом да шыққан еді. Тағы да бірнеше кітап болатын коллекциялар бар. Олардың барлығын өскелең ұрпақ көрсе деймін. Нұр-Сұлтан қаласына көшіріп әкеліп, халыққа көрсеткелі отырмын. Тәуелсіздік сарайында тұрғындардың назарына ұсынуды биыл жоспарлап отырмыз. Ол заттар ешқашан құнын жоғалтпайды. Біздің тарихымызды дүниеге паш етеді деп ойлаймын, - деді Бахаргүл апай.
Стартап пен сана
Баһаргүл Төлегенқызы бизнес бастағысы келетін жастарға кеңес берді.
Әрине, стартап бастау үшін аз да болса қаражат керек. Сұраныстағы бар тауарды, яғни болашағы бар тауар нарығын қарастыру керек. Оны жан-жақты зерттеп, бәсекелестерді де білу керек. Маркетингті игеру керек. Осының барлығымен қоса, адам өз кәсібін шексіз сүюі керек. Оның халыққа пайдасы да болуы керек, өзіңе де пайда әкелу керек. Бірақ табанды еңбек етудің нәтижесі әркез болады. Ештеңеден қорықпай, тәуекел ете алу керек, - деді ол.
Құндылық пен қоғам
Баһаргүл Төлегенқызының айтуынша, ұлттық әшекей бұйымдарды насихаттау - жаһандану заманында жұтылып кетпеудің ең бір маңызды алғышарты.
Ұлттық құндылықты білмей, дін мен тілді ұмытсақ, қазақ екенімізді де білмейміз. Біз ел болып ерекшеленітімніміз – дәстүр мен тілімізде. Себебі өткенді білмей, болашақ құру мүмкін емес. Өзіңді білмей, өзгені тану да мүмкін емес. Ата-бабаларымыздың бізге салып кеткен сара жолы мен салт-дәстүрін көздің қарашығындай қастерлеу керек. Сондықтан өскелең ұрпақты ұлттық құндылықты сүюге баулуымыз керек. Ұлттық құндылықты насихаттау жолында 30 жылға жуық еңбек етіп келемін. Басқа саланы да меңгеріп кететінімді білем. Бірақ ұлттық құндылық дегенде ішкен асымды жерге қоямын. Қазақтың байырғы өнерін жақсы көремін, - деді ол.
Кәсіпкердің қазіргі арманы - «Әдемі-ай» брендін өміршең ету.
Нарықта табысты еңбек етіп келеміз. Бірақ осы сауда белгісінің өміршең болып, ғасырлық етуді армандаймын. Ұлттық кәдесыйлардың саны артып, халықтың сұранысына жауап беру үшін жұмысымызды жалғастыра береміз. Ұлттық кәдесыйларды күнделікті өмірде қолдануын қамтамасыз етіп, әлемге ұлттық құндылық пен жәдігерлерді паш етуді армандаймын. Дүниежүзіне қазақтың ұлттық құндылығын насихаттау елдіктің белгісі деп ойлаймын. Сондықтан осы жолда тынбай еңбек етуді жалғастырамын, - деді Баһаргүл Төлегенқызы.
Пандемия кезінде шағын және орта бизнеске ауыр салмақ түсті. Онлайнды меңгергендер ғана нарықта қалды.
Біз де пандемия кезінде онлайн сатылымды қолға алдық. «Әдемі-ай» сауда белгісіндегі заттар сапалы болғандықтан, халық сұранысына ие болып келе жатырмыз. Себебі сапалы дүние мен бірегей заттар әркез сұранысқа ие болады. Ол шетелден сатып әкелетін дүние емес, қолдан жасалатын баламасы жоқ дүниелер. Пандемия кезінде тұрақты жұмыс істедік. Қазақ халқы кеңпейіл, бір-біріне сыйлық беруде алдына жан салмайды. Сұраныс бар жерде өнім де болады. Жаңа өнімдер де жасалып жатыр. Біз үнемі ізденісте жүреміз. Нарықта тауардың маркетингіне де аса көңіл бөлген дұрыс. Жан-жақты қамту мен ізденістің нәтижесінде бизнесті аман алып қалдық деп ойлаймын. Бұл жол әлі де тоқтамайды, жалғаса береді, - деді Баһаргүл Төлегенқызы.