Жағыппаров: Елге қызмет ету – мен үшін мақтаныш

Өз Отанын қорғау – әрбір ер азаматтың парызы. Ал қазіргі таңда Отан алдындағы борышын атқарып жүрген сарбаздарға қойылатын міндет қандай және олармен қандай тәрбиелік іс-шаралар жүргізіледі? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде 6655 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Дәурен Жағыпаровпен әңгімелескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

 – Дәурен Асылбекұлы, сұхбатымызды Сіздің жастық шағыңыздан бастасақ. Жалпы әскерге қалай келдіңіз, Отан қорғаушы мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?

– Әлі есімде, мектепті бітірген жылы қандай мамандықты таңдасам екен деп біраз әбігерге түскенім бар. Сан алуан мамандық болғанымен, Отан қорғау қызметі – абыройлы іс екендігін түсініп, әскери жолды таңдадым. Содан бірден әскери оқу орнын таңдап, емтиханның дайындығына кірістім. Осылайша, әскери өмірім 1998 жылы Петропавл қаласындағы бұрынғы Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұлан Академиясына оқуға түскен күннен басталды. 2002 жылы алғашқы офицерлік «лейтенант» шенімді алған соң, 6655 әскери бөлімінде взвод командирі лауазымынан бастап қызмет атқара бастадым. Осы әскери  бөлімде 2010 жылға дейін  қызмет еттім. Содан бері еліміздің көптеген қалаларында әртүрлі лауазымдардан өтіп, қызмет атқарып келемін. Қазіргі таңда сардарлық жолды бастаған әскери бөлімге араға 12 жыл салып қызмет бабымен қайта оралып, әскери қызметімді жалғастырып жатырмын.

– Енді өзіңіз қызмет атқарып жатқан 6655 әскери бөліміне жүктелген міндеттер туралы  айта  кетсеңіз?

– Жалпы біздің әскери бөлімге Ұлттық ұлан туралы Заңға сәйкес, келесідей жауынгерлік міндеттер жүктелген:

- Ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қорғауға, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге, қоғамдық қауіпсіздікті және төтенше жағдай мен соғыс жағдайының, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимдерін қамтамасыз етуге қатысу, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарларын жою жөніндегі іс-шараларға қатысу;

- қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзету;

- қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі сотталған азаматтардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

- сотталғандарды айдауылдаумен алып-жүру секілді жауынгерлік қызметті атқарады.

– Сіздің қызметіңіз жоғарыда айтылған жауынгерлік міндеттерді ұйымдастырумен тікелей байланысты екенін білеміз. Ал енді осындай жауынгерлік қызметтерді атқарып жүрген әскери қызметшілермен қандай тәрбие жұмыстары жүргізіледі?

– Жалпы біздің әскери бөлімде әскери қызметшілердің тәрбиесіне үлкен мән беріледі. Әскери-патриоттық тәрбие беру, сарбаздарды отансүйгүштік  рухта тәрбиелеу – сарбаздармен жұмыс жасайтын әр лауазымды тұлғаның басты міндеті. Әскери қызметшілер әскери өмірден дұрыс тәрбие алса, сол өмір бойына азық болады деп білемін. Біз өз тарапымыздан әскердегі сарбаздарға дұрыс бағыт-бағдар береміз. Себебі, біздің қызметтің өзге әскери салаларға қарағанда өз ерекшеліктері бар. Түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды күзету, қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау болсын, әрқайсысының өзіндік қиындығы бар. Оны жеңуге жағдай жасалып, тәрбиелік жұмыстардың жоғары деңгейде жүргізілуіне аса мән беріледі. Жалпы әскерде тәрбие жұмысы кез-келген заң бұзушылықты болдырмау, олардың алдын алуға  бағытталады.

– Ұландық сарбаздардың жауынгерлік қызметті атқару деңгейі қалай деп ойлайсыз?

– Өткен аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрлері бүгінде Ұлттық ұланның сапында қызмет етіп жүрген жауынгерлермен лайықты жалғасын табуда. Мәселен, өткен жылдары жауынгерлік міндеттерін атқаруда адалдық танытып, қауіпті қылмыскермен күресте өз өмірлерін ажалға тігіп, ержүректілікпен танылған жауынгер Ербол Отарбаев, кіші сержант Жандос Баянбаев, қатардағы жауынгер Нұрасыл Мүбәраков жоғары мемлекеттік «Айбын» ордені және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған болатын. Таяуда қаңтар оқиғасында қоғамдық тәртіпті сақтауға өз өмірлерін қатерге тігіп үлес қосқан офицерлер мен қарапайым қатардағы сарбаздарымыз да марапатталды. Сол әскери қызметшілермен бірге мен де мемлекеттік наградаға ие болдым.

Ішкі істер министрінің қолынан осындай жоғары марапат алып, құрметке ие болу, мен үшін үлкен мәртебе. Осындай жоғары марапат алған сәтте, мен тек қуаныш сезімдерін ғана емес маған артылған жауапкершілікті де сезіндім. Ұлттық ұланы қатарында қызмет атқару – мен үшін мақтаныш. Өйткені, өз Отаныңды қорғау қасиетті – іс. Барлық күш-жігерімізді салып, ел алдындағы борышымызды жоғары деңгейде орындау – әскери қызметшілер үшін басты міндет деп білемін. Өз Отанын сүйген азамат қана елін асқар мұраттарға жетелемек. Қорыта айтқанда, Отанымызды қорғау – абыройлы міндет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

–Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы