"Жағымды иіс": Баян Алагөзова жол бойындағы дәретханаларды сынға алды
Қазақстандық танымал продюсер Баян Алагөзова жол бойындағы дәретханалар жағдайын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Instagram парақшасында Павлодар–Астана тасжолындағы жолаушыларға арналған дәретхананың тазалығын көпшілікке паш етті.
Оның айтуынша, түсірілімнен қайтып келе жатқанда, 250 шақырым жол жүргеннен кейін ғана жалғыз дәретхана кездескен.
Қазақстан даласы арқылы саяхатымыз жалғасуда. Біз ақыры дәретхана таптық. 250 шақырым жүргеннен кейін ғана. Әлі жақындамай жатып-ақ “жағымды” иісі сезіледі, - дейді Баян Мақсатқызы видеода.
Қысқа видеода ол ағаш есігі бар, санитарлық жағдайы сын көтермейтін дәретхананы көрсетті.
Павлодар мен Астана арасындағы жолдың дәл ортасындағы дәретханаға шолу. Міне, даланың ішіндегі өркениеттің көрінісі осындай. Иісі айдаладан сезілетін "жағымды иіс" пен ағаш есік, – деп пікірін айтты ол бейнежазбада.
Бұл жазба әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, Қазақстандағы жол бойындағы сервистің сапасы туралы өзекті мәселені қайта күн тәртібіне шығарды.
Пайдаланушылардың айтуынша, бұл бұрынан бар мәселе. Мұндай "қорқынышты дәретханалар" еліміздегі барлық тасжолдарда кездеседі.