«Жағдайы ауыр, тасымалдауға келмейді»: Министр Жамбыл облысында соққыға жығылған 14 жастағы жасөспірім туралы айтты
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жамбыл облысында соққыға жығылған 14 жастағы жасөспірімнің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жасөспірімнің жағдайы ауыр. Медикаментозды комада жатыр. Тасымалдауға әзірге жарамайды. Астанаға ауруханаға әкелу үшін оңалуын күтіп отырмыз, - деп жауап берді еліміздің бас дәрігері Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Еске салайық, осыдан бірнеше күн бұрын Жамбыл облысы Бірлесу-Еңбек ауылында 14 жастағы жасөспірім соққыға жығылғаннан кейін комаға түскені туралы ақпарат тараған болатын. Туыстарының айтуынша, 14 жастағы жасөспірімді аяусыз соққыға жыққан. Қазір баланың жағдайы ауыр. Ол Аса ауылындағы ауруханада жатыр.
Оқиға туралы зардап шеккен баланың туысы әлеуметтік желіде жазды. Оның сөзінше, жасөспірім комада жатыр және өздігінен тыныс ала алмайды.
Зардап шеккен баланың туыстары оқиғаның жан-жақты тексеріліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.