"Жағдай тұрақты". Министр екі облысты шарпыған өрт туралы айтты
Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов еліміздің екі өңірінде болып жатқан алапат өрт туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
6 қазанда Қарағанды облысындағы Қарқаралы аумағынан және Павлодар облысының Баянауыл ұлттық паркінің шекара аймағынан өрт шықтты. Өртке қарсы жұмылдырылған күштер мен құралдарды үйлестіру мақсатында министрліктің жедел штабы іске қосылдыы. Сондай-ақ Павлодар облысының Желтау ауылында далалық жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр. Өртті жою жұмыстарын вице-министр жүзеге асыруда. Министрліктің күштері мен құралдарын дереу бағыттап, қосымша Абай, Ақмола және Астана құрылымдарының күштері оқиға орнына барды, - деді Әрінов.
Министр өңірлердегі өртке қарсы Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның ұшақтары тартылғанын айтады.
Павлодар облысы, Желтау ауылының 18 тұрғыны көрші ауылдағы пункке эвакуацияланды. Қазіргі таңда Павлодар облысындағы өрті толықтай локализацияланып, күштердің бақылауында. Қарағанды облысында да сондай нәтижеге жетеміз деген ойдамыз. Онымен қоса, түнде Ресей жағынан Қостанай облысы Жітіқара ауданына 500 гектар көлеміндей өрт шарпыды. Өрт дер кезінде жойылды. Қазіргі жағдай тұрақты, - деді Төтенше жағдайлар министрі.
Еске салсақ, кеше екі өңірде өрт шыққан болатын. Кеше ТЖМ таратқан деректерге сәйкес Қарағанды және Павлодар облыстарының шекара аумағындағы өрттің жалпы ауданы 45 мың га жеткен еді. Өртті сөндіруге Қорғаныс министрлігінің ұшқыштары жұмылдырылып жатыр.