Жағдай мүшкіл. Кітапханашылардың айлығы қашан және қалай көтеріледі?
Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдар өкілдері білім саласындағы кітапханашылар жалақысы мәселесін талқылады. Бүгінгі күні елімізде білім саласында 8 300 кітапханашы жұмыс істейді. Олардың 85 000-130 000 теңге төңірегінде айлық алады. Енді кітапханашылардың жалақысы қашан және қалай көтеріледі? Бұл туралы осы мәселемен айналысып жатқан мамандар түсіндіріп көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі күні Оқу-ағарту министрлігі жүйесінде қызмет ететін кітапханашылардың айлығы 85 000-130 000 теңге.
Балаларымыз кітапты сүйіп оқи ма?
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова оқу жылының басталуына 2 аптадай ғана уақыт қалғанын айтып, кітапханашылардың мәселесі маңызды болып отырғанын айтты.
Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың арасында кітап оқуға қызығушылықты арттыру, балалар кітапханасын дамытуға байланысты жаңа міндеттерді атаған болатын. Шілдеде халықпен, кітапханашылармен кездестік. Сол кезде білім саласындағы кітапханашылардың, оның ішінде мектептегі кітапханашылардың айлығының өспей отырғаны туралы мәселе көтерілді, - деді Сүлейменова.
Оның сөзінше, мәдениет саласындағы кітапханашылардың жалақысы жыл сайын көтерілгенде білім саласындағы кітапханашылар тыс қалады.
Елімізде 7 500 мектеп бар, 124-тен астам ЖОО кітапханасы бар. Бұл соларға қатысты мәселе.
Бізде «Педагог мәртебесі туралы» заң бар. Бұл заңның аясында мұғалімдер аттестациядан өтіп, жалақысы жоғарылады. Мектептегі кітапханашыларға да дәл осылай жалақы беруіміз қажет пе? Оның негізгі есебі, олардың жұмыс мазмұны қалай болады? Халықаралық тестің нәтижесі бойынша Қазақстан биыл 2016 жылға қарағанда бастауыш сынып оқушылары арасында «кітапты сүйіп оқимын» деген көрсеткіште 18%-ға төмен көрсеткіш көрсетіп отыр. 2016 жылы 78% болса, қазір 53%-ға дейін төмендеген, - деп айтты депутат.
Сонымен қатар «менің ата-анам менімен бірге кітапты қызығып оқиды» деген көрсеткіште де төмен болып отырмыз.
2013 жылы стандартты ауыстырған кезде кітапханашылардың мамандығына көңіл бөлуіміз керек пе еді?! Арада 10 жыл өтті. Бұл енді кезек күттірмейтін мәселе. Жыл сайын мемлекет кітапханашылардың жалақысын өсіріп келеді. 2021 жылдан бері 30%-ға, 25%-ға, 15%-ға біртіндеп көтерілген. Бірақ бұл жұмыспен мектептегі кітапханашылар қамтылмаған. Қазір бұл мәдениет пен білім саласындағы кітапханашылар арасындағы теңсіздікке алып келіп отыр, - деді депутат.
Жұлдыз Сүлейменова кітапханашы мамандарының тапшылығы өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті.
Алдағы 3 жылда бізде 6 мыңға жуық кітапханашыға тапшылық болады. Бұл туралы Еңбекминінің ресми сауалға берген жауабында көрсетілген.
Биыл гранттарды бөлу кезінде осы бағытқа грант саны көбейтілді.
Жаңа әдістеме мәселені шеше ме?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев кітапханашылардың жалақы мәселесін шешу үшін жаңа әдістеме әзірленіп жатқанын атап өтті.
Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес есептеледі. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасына сәйкес 2022 жылдың басынан бері жыл сайын 20%-ға жалақы көтеріліп отыр. Қазіргі күні министрлікте жұмыс тобы құрылды. Әр саланың өкілдері осы жұмыс тобына кіріп, зерттеу жүргізіліп, жаңа әдістеме әзірлеп жатырмыз. Жаңа әдістеме азаматтық қызметшілерге арналған. Ол жылдың аяғына дейін дайын болады. Оны келесі жылы көрсетуге дайынбыз, - деп айтты вице-министр.
Әдістемеге барлық саланың маманы кіргізіледі.
«3 жылға 5 млрд теңге керек»
Мәжіліс депутаты Әбіл Еркін мектеп кітапханашыларының жалақысын көтеру үшін 3 жылға небәрі 5 млрд теңге қажет екенін айтты.
Білім беру саласындағы кітапханашылардың жалақысын мәдениет саласындағы әріптестерімен теңдестіру үшін 3 жылға 5 млрд теңге қажет. Жыл сайын 1,5 млрд теңгеден 2 млрд теңгеге дейін. Бұл бюджетіміз үшін өте үлкен қаражат емес. Сондықтан жаңа әдістемені күтпей, күзде айтылатын өзгерістерге жалақыны өзгерту туралы беру керек, - деді депутат.
Себебі әдістеме жылдың аяғына дейін ғана дайын болады. Оны бекітуге жарты жылдай уақыт кетеді.
Бұл 1-2 айдың ішінде бекітілмейді. Жаңа бюджетті бекітуге әдістемені енгізіп үлгермейміз. Сондықтан оны күтпей, мәдениет саласындағы кітапханашылардың жалақысымен теңдестіру үшін 3 жылға 5 млрд теңгені табуға болады деп ойлаймын, - деп айтты мәжілісмен.
Депутат алдымен жалақыны өсіріп, содан кейін осы салаға оқуға түсуге түлектерді тарту керегін айтты.
«Кітапхана басшыларының жалақысы 500 000-600 000 теңге болады»
Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Бану Нарбекова университет кітапханашыларының жалақысы мәселесі және осы салаға қызығушылықты қалай арттыру керегін түсіндіріп өтті.
Кітапхана мамандығы жоғары оқу орындарындағы әкімшілік-басқарушы персоналдың қатарына жатады. Елімізде 120 ЖОО бар. Оның ішінде 14-і әскери және арнайы ЖОО қатарына кіреді. Жыл сайын білім бағдарламалары өзектендіріліп отырады. Соның ішінде кітапхана ісіне байланысты жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр. Қазір цифрлы заман болғандықтан ең алдымен цифрлы құжат, ақпараттық жүйелер, цифрлы архив және кітапханалық-педагогикалық қызмет сияқты бағдарламалар енгізіліп жатыр, - деді ол.
Бану Нарбекова атап өткендей, әр мамандыққа қызығушылық жоғары болуы керек. Ол үшін кәсіби бағдарламаны жандандыру қажет. Бүгінгі күні біздегі ЖОО-ларда 185 кітапхана бар. Онда 1 382 қызметкер жұмыс істейді.
Университеттер деңгейінде кітапханашылардың орташа жалақысын алып қарайтын болсақ, ең төменгісі 125 мың теңге. Университеттер басқарушылық персоналдың жалақысын жыл сайын көтереді. Соның негізінде қарапайым қызметкерлердің жалақысын 2023 жылы 200 мың теңгеге өсірді. Кітапхана басшыларының жалақысы да төмен болған. Мысалы, әл Фараби атындағы ұлттық университет кітапхана басшыларының жалақысын 800 мың теңгеге дейін көтеріп отыр. Орташа есеппен кітапхана басшыларының жалақысы 500 000-600 000 теңге болады, - деп айтты комитет төрағасының орынбасары.
Жастардың арасында кітапханашы мамандығына қызығушылықты арттыру үшін оның жалақысын көбейтіп, жаңа дағдыларға назар аудару қажет.
Кітапханашыны дайындап жатқан университеттер бар. Бакалавриатқа 100 грант, магистратураға 20 грант, докторантураға 3 грант бөлінді. Бөлінетін грант жеткілікті, бірақ қызығушылық төмен болғандықтан грант игерілмей қалатын айтып, жаңа оқу жылында кітапханашылар дайындала бастайтынын жеткізді.
«Жағдай мүшкіл»
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова білім саласында жағдай мүшкіл екенін айтты.
2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған болатын. Содан кейін мектеп мұғалімдерінің айлығы өскеннен кейін еңбек нарығында бұл мамандыққа сұраныс өсті. Қазір мұғалім мамандығына оқитындарға 58 мың теңге стипендия беріледі. Ал басқа мамандықтарға 38 мың теңге. Бірақ осы реформа енгізілгенде Еңбек, Қаржы және Оқу-ағарту министрліктері кітапханашыларды да (заңға – ред.) қосуы керек еді. Өйткені әр мектепте 2 кітапханашыдан ғана бар. Олардың базалық жалақысына ештеңе қосылмады. Тиісінше олар «педагог мәртебесіне» теңестірілмеді. Олардың бүгінгі жағдайы мүшкіл, - деді депутат.
Мәжілісмен атап өткендей, жыл сайын мәдениет саласындағы кітапханашылардың жалақысы 20 пайызға өсіп отыр, ал педагогика саласындағы кітапханашылардың жалақысы көтерілмей қалып отыр.
Депутаттар осы мәселе бойынша не істеді? Біз біріншіден 2022 жылы «кітапханашы және кітапхана жұмысының жаңа мазмұны мәртебесі туралы» заң жобасына бастама жасадық. Бірақ мәдениет саласындағы заңда кітапханашы туралы қарастырылған. Біз Үкіметтен «мәдениет саласындағы заңға өзгеріс енгізу қажет» деген жауап алдық. Осылайша бірінші заңымыз өтпей қалды, - деп түсіндірді ол.
Депутаттар VIII шақырылымда заңды қайта жазып шықып, жаңа нормалар енгізген. Бұл заң бойынша жауап қазіргі күні Үкімет қарауында.
Егер кітапханашылардың жалақысын орташа жалақыға теңестіретін болсақ, мектептегі ең төменгі жалақы педагог-тағылымгер маманның жалақысы. Ал педагог-сарапшының деңгейіне дейін көтеретін болсақ, онда қаржы қалай болады? Оны есептеп шықтық. Бір жылға ең азы 800 млн теңге, ең көбі 1,5 млрд қаржы керек, - дейді Сүлейменова.
«Кітапханашылар біліктілігін арттырып жатыр»
Оқу-ағарту министрлігінің бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш орта мектептердегі кітапханашылар жыл сайын біліктілігін арттыратынын айтты.
Оқу-ағарту министрлігі жүйесінде 8 300 кітапханашы бар. Оның ішінде орта білім мектептерінде 6 800 кітапханашы жұмыс істейді. 2022 жылы 632 кітапханашы курстарға қатысты. Биыл 1 200 мектеп кітапханашысы курстардан өтеді, - деді департамент басшысы.
Оның сөзінше, әр мектепте электронды кітапхана ашу көзделіп отыр.