Бүгiн 2026, 13:18 Фото: polisia.kz

Жағажайларда полиция тексерісі күшейді: демалушылар қандай жағдайда жауапқа тартылады?

Құқық қорғау органдары су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуын бақылап, заң бұзғандарға әкімшілік шара қолданылатынын ескертті.

Павлодар облысында "Таза Қазақстан" республикалық акциясы аясында полиция қызметкерлері демалыс аймақтарында профилактикалық рейдтер ұйымдастырды.

Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтарға жайлы демалыс қоршаған ортаға ұқыпты қарау мен жауапкершіліктен басталатынын еске салу. Рейд барысында полиция қызметкерлері демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық жадынамалар таратып, табиғатты аялаудың маңызын түсіндірді. Әсіресе жағажайлардың тазалығын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Азаматтарға қоқысты арнайы контейнерлерге тастау, демалыс орнын таза ұстау және табиғатты келер ұрпаққа аман жеткізу қажеттігі түсіндірілді.

Сонымен қатар қоғамдық орындардағы тәртіп қағидалары түсіндіріліп, тазалықты сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екені айтылды. Әрбір демалушының табиғатқа деген жауапкершілігі демалыс орындарының жайлы әрі қауіпсіз болуына ықпал ететіні атап өтілді.

Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға жол берілмейтіні жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ судағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, азаматтарға жабдықталмаған әрі шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсудің қауіптілігі түсіндірілді. Демалушыларға су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.

Біз демалушылармен ашық диалог өткізіп, бірнеше маңызды талапты еске салдық. Атап айтқанда, тұрмыстық қалдықтарды қалдыруға қатаң тыйым салынады, ал от жағу мен қоқыс өртеу тек арнайы белгіленген орындарда ғана рұқсат етіледі. Сонымен қатар қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға және шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсуге қатысты заң талаптары түсіндірілді. Заң талаптарын бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Демалыс аймақтарының инфрақұрылымына ұқыпты қарап, айналадағы адамдарды құрметтеу де аса маңызды, – деді Павлодар облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Максат Сарин.

Рейд барысында полиция қызметкерлері азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, құқық бұзушылықтардың нақты мысалдарын түсіндіріп, жадынамалар таратты. Полиция өңір тұрғындары мен қонақтарын экологиялық мәдениетті сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, қоғамдық тәртіп пен судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға, сондай-ақ демалыстан кейін өздерінен кейінгі аумақты таза қалдыруға шақырады. Туған өлкенің тазалығы мен көркін сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Оған тек бірлескен күш-жігер арқылы қол жеткізуге болады.