Жағажай көп, құтқарушы жоқ...

Елімізде шомылу маусымы қызу болып жатыр. Әсіресе шілде мен тамыз айларында өзен-көлдер мен жағажайлар халыққа лық толы. Бұл кезең жұрт үшін демалыс, саяхат пен сергектік уақыты болса, екінші жағынан қауіп пен жауапкершілікті талап ететін маңызды маусым. Жыл сайын елімізде суға кететіндер көп, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құтқарылғандар мен құрбандар: ресми деректер не дейді?

Шомылу маусымы басталғалы ТЖМ құтқарушылары еліміздің су айдындарында 51 адамды, оның ішінде 13 баланы құтқарған. Ал 50 адам, оның ішінде 15 бала суға батып қайтыс болды.

Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан елімізде суға батып қайтыс болу фактілері де бар. Осы фактілер Шымкент қаласынан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарынан басқа өңірлерде тіркелді, - дейді ТЖМ қызметкерлері.

Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі келесі себептерден болады:

  • рұқсат етілмеген, жабдықталмаған жерлерде шомылу;
  • ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы;
  • ішімдік ішіп, суға түсу;
  • жүзу білмеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтамау.

Аймақтық статистика

Ақмола облысында шомылу маусымы басталғалы 12 адам суға кеткен, оның ішінде бір жасөспірім бар. Жыл сайын өңірдегі су айдындарында шамамен 20 адам қаза табады. Судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігі дәл осы шомылу кезеңінде тіркеледі.

Соңғы үш жылда шомылу маусымында 51 адам көз жұмды, оның 19-ы кәмелетке толмағандар. Биылдың өзінде маусым басталғалы бері 12 адам қаза тапты, - деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бақыт Абланов.

Ал, Қызылорда облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жандос Жүгінісов жыл басынан бері түрлі себептермен 14 адам суға кеткенін айтады, оның жетеуі бала. Рейдтер барысында 13 азаматқа ескерту жасалып, кейбір тұрғындарға хаттамалар толтырылған.

Түркістан облысында 5 жағдай тіркелген. Олардың екеуі жасөспірім балалар.

Жыл басынан облыс аумағында түрлі жағдайларда 39 адам суға кетіп отыр. Олардың 16-сы балалар. Суға кету жағдайлары әртүрлі. Мысалы, шекаралас канал арқылы көршілес Өзбекстан азаматының мәйіті ағып келді, көлік құралын игере алмай каналға түсіп, 5 адам суға батты, ата-аналардың қарауынсыз қалған балалар септиктерден табылды, - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Оразгелді Дүйсен.

Жағажай жетіспеушілігі мен инфрақұрылым тапшылығы

Жалпы елімізде 600-ден астам рұқсат етілген және 500-ге жуық шомылуға тыйым салынған су айдыны бар. Ал ажалы судан болған қайғылы жағдайлардың статистика көңіл көншітпейді. Соңғы 4 жылда 843 адам суға батып кеткен, оның 260-ы бала.

Көптеген өңірлерде суға шомылуға ресми рұқсат етілген орындар саны шектеулі. Мысалы, үлкен қалаларда (Алматы, Шымкент, Астана) бірнеше ғана ресми жағажай жұмыс істейді, ал адамдар саны тым көп. Бұл өз кезегінде халықты рұқсат етілмеген, қауіпті аймақтарға итермелейді.

Көп жағдайда:

  • Құтқарушылардың кезекшілігі жоқ;
  • Медициналық көмек пункттері орнатылмаған;
  • Қауіпсіздік белгілері мен буйкалар қойылмаған;
  • Бейнебақылау камералары немесе бақылау жүйесі қарастырылмаған.

Жақында мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің көз алдында жас қыз суға батып кетті.

Жағалауда қауіпсіздікке жауапты ешкім болмады. Құтқарушылар, бейнебақылау камералары, құтқару құралдары, медициналық қызметкер жоқ. Су қоймасының жағасы жеке кәсіпкерлерге берілген. Қызды судан куәгерлер алып шығып, алғашқы көмек көрсетуге тырысты, - деді депутат.

Мәжілісмен жағажайлардың кімге тиесілі екенін анықтап, заң талаптарын бұзғандарды жауапқа тарту үшін тексеріс жүргізуді талап ететінін айтты. Оқиғаға қатысты Алматы облыстық Полиция департаменті қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер құтқару техникасының және кезекші құтқарушылардың бар-жоғын, демалыс аймағының белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтайды, - делінген хабарламада.

Осы ретте Төтенше жағдайлар министрлігіне ресми сауал жолдап, бұл жағдайға кім жауапты екенін білдік.

«Азаматтық қорғау туралы» Заңға және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес халықтың шомылуы үшін қауіпсіз жағдай жасау жауапкершілігі жергілікті атқарушы органдарға (әкімдіктерге) жүктелген. Өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес тек әкімдіктер ғана жағажайларды ресми түрде анықтап, құтқару бекеттерін орнатып, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін объектілердің қызметін уақытша тоқтата алады. Өз кезегінде ТЖД өз құзыреті шегінде бақылау, профилактикалық және суда құтқару іс-шараларын жүзеге асырады. Бұл ретте өз бастамасы бойынша ТЖД тексерулер жүргізуге өкілетті емес. Кәсіпкерлік кодексте көзделген негіздер болған жағдайда ғана жүргізе алатынын атап өткен жөн, - деп жауап берді ТЖМ.

ТЖМ азаматтарға үндеу жолдайды

  • Тек рұқсат етілген, жабдықталған жерлерде шомылыңыздар;
  • Тыйым салынған аймақтарда суға түспеңіздер;
  • Су маңында демалған кезде алкоголь ішпеңіздер;
  • Буйкалардан асып жүзбеңіздер;
  • Жартастар мен көпірлерден секірмеңіздер;
  • Су көліктеріне жақын жүзбеңіздер;
  • Ең бастысы балаларды қараусыз қалдырмаңыздар.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы