Отандық телевизияда «жаға ұстатар» хабарлар құнды болып тұр. Дана Нұржігіт Маминге сауал жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Дана Нұржігіт Үкімет басшысы Асқар Маминға отандық телевизиялық контенттердің мазмұндық жағына назар аудару туралы депутаттық сауалын жолдады.

Соңғы жылдары бұл салада қазақ руханияты үшін жасалып жатқан сүбелі жұмыстар аз емес. Оның ішінде, атап айтсақ, ұлтымыздың рухани әлеміне тың серпіліс берген, 2020 жылы жазда ашылған «Абай TV» арнасын ерекше атауға болады. Арнаның тұсаукесер уақытын нақты айтып отырған себебім – дәл сол кезде пандемия өршіп, ауыр жағдайда қалып отырғанымызға қарамастан, біз ұлтымыздың рухани болашағын ойладық. Жаңа арнаны «Абай» деп атап, әлем таныған кемеңгердің руханиятынан қуат алдық, - деп атап өтті ол.

Сараптама бойынша, пандемия басталып, ТЖ жарияланған наурыз-сәуір айлары аралығында Қазақстанда теледидар көретін адамдар саны 29 пайызға өскен. Карантинге дейін елдің әр азаматы күніне шамамен 114 минут уақытын теледидар алдында өткізсе, карантин кезінде бұл көрсеткіш 34 минутқа өскен.

Осы ретте сенатор Дана Нұржігіт телевизиялық контенттің мазмұнына тоқтала кетті.

Президент 2020 жылдың маусымында «Ана тілі» газетінде жарияланған мақаласында қазір той тойлап жүретін уақыт емес екенін, бұл ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі деп айтқан болатын. Ал дәл осындай кезде сенсация, хайп қуған кейбір арналарда ұлттық санаға соққы болатын, халықтың ар-намысына тиетін тақырыптарға әлі де ең қымбат эфир уақыты, праймтайм, яғни кешкі 6-дан түнгі 12-ге дейінгі уақыт берілетіні мен үшін түсініксіз жағдай. Көрген көз ұялып, айтқан аузы былғанатын оқиғалардың жай-жапсарын «ел болып талқылайық» деген жүргізушілердің сөзінен не кейіпкерге деген жанашырлық, не қоғамға айтар даналық көрген жоқпын, - деді депутат Сенатта.

Ол жақында ғана өмірден озған телевизияның майталманының сөзін еске алды.

Кеше ғана өмірден озған отандық телевизия мэтрі Нұртілеу Иманғалиұлы «Журналистика – қоғамдық санаға әсер етуі керек, ол оны я өсіреді, я құлдыратады. Журналист өзі еңбек сіңіріп отырған, өзін асырап отырған қоғамға, мемлекетке сәл-сәл анау біздің ұғымымыздағы «оппозиция» емес, өмірді жақсартуға, дәстүрді жалғастыруға, игіліктерді молайтуға ықпал ететін оппозиция болуы керек» деуші еді. Жаңағы айтқан хабарлардың қоғам санасына қандай әсері болады?! – деп айтты Дана Нұржігіт.

Оның сөзінше, ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар деген ұғымдарды бүгінгі күні хабарының рейтингінен жоғары қоятын журналиске рухани құндылық пен коммерциялық сұраныстың арасындағы тепе-теңдікті сақтау оңай емес. 

Қоғамның дамуы ұлттың болашағы үшін ұлттық құндылықтарды дәріптейтін сүбелі сөз бен терең ойлы шығармалар маңызды десек те, қазіргі телевизияда рейтинг бойынша арнаға ақша құятын, «блогерлерше» айтқанда, «жаға ұстатар» хабарлар құнды болып тұр, - деп атап өтті депутат.

Ол Жапония елінің отандық телевизиясын мысалға келтірді.

Жапонияда отандық телеарналардың жұмысы ұлттық құндылықтар тұрғысынан заңмен бақыланады және реттеледі. Басты талаптар – ұлт мәдениетін, рухын көтеру, төл құндылықтарды сақтап дәріптеу, заманауи жаңалықтарға отандастарының қосқан үлесін насихаттап, мақтан тұту, - деп түсіндірді сенатор.

Оның сөзінше, Қазақстанның ақпарат саласындағы заңнамасында телеарналардың басты қағидаты болуға тиісті – ұлттық құндылықтарды сақтау, дәріптеу, насихаттау деген ұғым, түсінік жоқ.

Интернеттегі ақпарат ағынымен жарыса жүріп, төл телевизия арналарымызда қазақ әлемінің қазығын мықтамаса, Тәуелсіздік бәрінен қымбат, оның құнын білетін патриот ұрпақ өсетініне күмәнім бар. Отандық арнаның барлық меншік иелерінен эфирге шығатын кез келген контенттің түп-тамырын ұлттық құндылықтар қағидатына негіздеуді талап етпей, қазақ қоғамындағы руханият деңгейі көтерілмейді. Бұлай жалғаса берсе, ұрпақ азғындайды. Ұлт тозады, - деп айтты Дана Нұржігіт.

Ол өз түсінігінде ұлттық құндылықтарымызды сақтау – ұлттық қауіпсіздігімізді сақтаумен тең екенін айтты.

ҚР Үкіметінен халықаралық тәжірибелерді зерттей отырып, жоғарыда атап өтілген талапты көздейтін нормаларды заңнамада қамтып, тиісті заңнамалық актілерге қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарастыруыңызды сұраймын. Сонымен қатар, осы жылдың 30 наурызында Сенатта «Ұлт құндылықтарын сақтау мен нығайту - Тәуелсіз елдің кемел болашағы» тақырыбына арналған Парламенттік тыңдауды өткізу жоспарланып отыр, - деді депутат өзінің депутаттық сауалында.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы