Жәбірленушілер жоқ, сот жабық: Перизат Қайрат ісінде не болып жатыр?

Перизат Қайрат пен Ғайни Алашабаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысында сотқа келмеген үш жәбірленушінің тергеу кезінде берген жауаптары жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сотқа жәбірленуші Құрмаева мен жәбірленушілердің өкілдері Жалелов пен Бухарбаев келмеген. Олар туралы 2025 жылғы 17 шілдеде сот мәжбүрлеп жеткізу туралы қаулы шығарған болатын. Алайда, мемлекеттік айыптаушының айтуынша, олардың орналасқан жерін анықтау бойынша қабылданған шаралар нәтиже бермеген.

Мекенжайына бару, телефон шалу және туыстары арқылы байланыс орнату әрекеттері жасалды. Алайда еш нәтиже болмады. Жәбірленуші Құрмаева қоңырауларға жауап бермейді, Бухарбаев еңбек демалысында болып, қала сыртында байланыс аясынан тыс жерде жүрген. Жалеловпен де байланысу мүмкін болмады, – деді прокурор Мәдина Оразалина.

Осыған байланысты прокурор олардың мекенжайы мен байланыс нөмірлерін тексеру нәтижелері жазылған рапортты іске қосуды және жәбірленушілердің сотқа дейінгі тергеу барысында берген жауаптарын жариялауға рұқсат беруді сұрады.

Алайда айыпталушының қорғаушысы бұл ұсынысқа қарсы шықты. Оның айтуынша, сотқа келмеудің дәлелді себептері көрсетілмеген және олардың нақты ұстанымы белгісіз.

Егер жәбірленушілер сотқа келе алмаса, олар тиісті өтініш жолдауға міндетті. Тек сол жағдайда ғана жауаптарын жариялауға рұқсат етіледі, – деді адвокат.

Дегенмен, төрағалық етуші судья Сабыржан Кәрімов Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 372-бабына сүйене отырып, объективті себептерге байланысты жәбірленушінің қатысуын қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда, оның бұрынғы жауабын жариялауға рұқсат берілетінін атап өтті.

Перизат Қайрат ісі уақытша жабық режимде өтіп жатыр.

Сот төрағасы Сабыржан Кәрімов сот отырысы барысында осындай шешім қабылдаған.

Залда тек тараптардың өкілдері ғана қалады. Жазбаны өшіріңіздер. Сот залының трансляциясына қосылған БАҚ өкілдері, сіздердің қосылымдарыңыз үзіледі. Сот жабық режимде өтетін болды, – деді судья Кәрімов.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды

Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы