Жақсылық Үшкемпіров туралы көркем фильмнің тұсаукесері өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласындағы Kinoplexx Sary Arka кинотеатрында "Жақсылық" көркем фильмнің тұсаукесері сәтті өтті.
Кинотуындының қоюшы режиссері әрісценарий авторы – Бақыт Қайырбеков. Көркем фильмді тамашалауға жиналған көрерменнің көптігі соншалық кинотеатрдың залдарында бос орын болмады. Тіпті жиналғандардың көбі фильмді тұрып тамашалады. Ал көрсетілімнің соңында көрермендер орындарынан тұрып ұзақ уақыт қол соқты.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ және Mergen studio компаниясы түсірген биографиялық фильм Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінің палуаны, Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы баяндайды.
Фильмнің тұсаукесеріне мәдениет және спорт вице-министрі Үркен Бисақаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Қазақфильм" киностудиясының президенті Арман Әсенов, режиссер Бақыт Қайырбеков бастаған фильмнің түсіру тобы және Жақсылық Үшкемпіровтің өзі қатысты.
Бүгін қазақ киносы үшін айтулы күн – бүгін біз назарларыңызға қазақтың бағына біткен батыры - Жақсылық Үшкемпіровтың өмірі мен спорттағы жолына арналған көркем фильмді ұсынып отырмыз. Жақсылық ағамызды білмейтін қазақ жоқ. Кеңестер заманында жауырыны жер иіскемеген балуанның спорттағы жетістіктері жылнамада жазулы. Берекелі ісімен де, жайдары-жайсаң мінезімен де көпшіліктің ықыласына бөленген ағамыздың спорттағы жетістіктері мен игілікті істері өзгелерге, əсіресе келешек ұрпаққа үлгі боларлық, - деді мәдениет және спорт вице-министрі Үркен Бисақаев.
Аты аңызға айналған Жақсылық Үшкемпіровтың өнегелі өмір жолы мен спорттағы жетістігіне арналған фильмнің тұсаукесеріне осыншама халық келгеніне өте қуаныштымын. Қазақ спорт тарихында ойып алар орны бар, өмірін спортқа арнаған ағамыз қайтсем де чемпион боламын деп алдына мақсат қойды және оған жету жолында аянбай тер төгіп, қажырлы еңбек етті. Сондықтан да бұл фильм жас ұрпақты тәрбиелеуде, олардың бойындағы патриоттық сезімді оятуда үлгі болар дүние, - деді "Қазақфильмнің" президенті Арман Әсенов.
Бұл – көркем фильм жанрында түсірген менің алғашқы туындым. Картина 48 кг салмақтағы Олимпиада чемпионы болған алғашқы қазақ – Жақсылық Үшкемпіров туралы. Ол түрлі мемлекет дәрежесіндегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінсе де, спортшыға халықаралық ареналарға шығуға мүмкіндік бермеген. Тек 1980 жылы ғана ол Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама алып, әлемдік деңгейде өнерін көрсете алды. Фильм Оңтүстік Қазақстан ауылдарының бірінде дүниеге келген спортшының балалық шағынан бастап, бүкіл Кеңес одағы қошеметпен қарсы алған палуанның Олимпиада ойындарында жеткен жетістіктеріне дейінгі өмір жолын бейнелейді, -деді фильмнің режиссері Бақыт Қайырбеков.
Фильмді көріп, керемет әсер алдым. Картинаның түсіру тобына, әсіресе осы фильмге түскен барлық актерлерге алғысымды айтамын. Осы фильмді түсіруді ұсынған Елбасымызға, сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Алматы қаласының әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді. Бұл фильм мен үшін емес, келешек ұрпақ үшін керек. Менің жолымды қуған олимпиада чемпиондары көп болсын деп тілеймін, - деді Жақсылық Үшкемпіров.
Дайындық кезеңде ұйымдастырылған кастинг нәтижесінде Жақсылық Үшкемпіровтың жастық шағы мен ер жеткен кезін Эльнар Назарқұл, Санүржан Сүлейменов және театр актері Олжас Сақ сомдады. Ал 60 жастағы спортшының рөліне Қазақстанның халық артисі, Жезқазған театрының актері Досжан Жанботаев шақырылған.
Айта кетсек, спорттық драманың түсірілімдері Өскеменде, Алматыда және Алматы облысында жүргізілді. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының сахналары Талдықорған қаласындағы "Жастар" спорт сарайында, сондай-ақ Минскідегі (Беларусь Республикасы) "Динамо" стадионында түсірілді. Ал спортшыларға арналған Олимпиада ауылын көрсету үшін түсірілімдер Беларусь еліндегі "Стайки" атты Республикалық олимпиадалық даярлау орталығында өткізілді.