Жақсылық сапары. Қарағандыда еріктілердің ісі ерен

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында 5 мыңға тарта ерікті жастар болса, 70-тен астам волонтер ұйымы бар. Соның бірі – "ТamshyKZ" қайырымдылық қоры. "Бір күнде – бір отбасыға көмек" акциясын қолға алған еріктілер өздерінің қайырымды істерімен көптің алғысына бөленуде.

Қарағандылық "ТamshyKZ" қайырымдылық қорының еріктілер елдегі төтенше жағдай кезінде елге көмектесуден талмай келеді. "Жақсылық сапары" деген атаумен мүмкіндігі шектеулі мұқтаж жандарға, әлеуметтік әлсіз топ өкілдеріне, көпбалалы отбасыларға, тұрмысы төмен жанұяларға, қарттарға көмек қолын созып жүрген қайырымды жастар елде төтенше режим жарияланғалы бері 50-ден астам отбасыға көмектескен.

Біз "жақсылық сапарына" төтенше жағдай жарияланбай тұрып та аттанатынбыз. Көмекке зәру жандарға қол ұшымызды созып, оларға азық-түлік, киім-кешек немесе басқа да қажеттіліктерін апарып беруді екі жыл бұрын бастадық. Осы қайырымдылық істерімізді "жақсылық сапары" деп атап кеткенбіз, - дейді "ТamshyKZ" қайырымдылық қорының президенті Жансая Каменова.

Оның айтуынша, "TamshyKZ" қорының еріктілері бұрын жақсылық сапарына аптасына бір рет немесе екі аптада бір рет барған.

Президентіміздің жарлығымен елде бүкілхалықтық карантин жариялануына байланысты "Бір күнде – Бір отбасы" акциясын жарияладық. Ойланып көріңізші. Өзі қиын жағдайда жүрген, тұрмысы төмен отбасылардың балалары күн ұзын үйде. Оларға 3 есе көп тамақ керек. Бұрын қарызға алатын еді. Қазір дүкендер қарызға бермейді. Көп отбасылардың асыраушысы – әкелері онсызда жоқ. Ал әкелері барлардың жұмысы тоқтап тұр. Туған-туыстары болса өз үйлерінің азығымен әлек. Сондықтанда, күніне бір отбасыға азық-түлік апаруды мақсат еткен болатынбыз. Бүгінде елуден астам отбасыға көмек көрсетілді, - дейді қайырымдылық қорының ұйымдастырушысы.

Еріктілер мұнымен тоқтап қалмай, қайырымдылық жолын жалғастыруды көздейді. Қазір волонтерлер күніне екі отбасыға барып жүр. Бір айта кетерлігі, тамшылық еріктілер көмек қолын созып жатқан отбасылардың саны аз болғанымен, олар әр отбасыға азық-түлікті бір айға жететіндей етіп апаруға тырысады. Егер мемлекеттен немесе басқа да мемлекеттік емес ұйымдардан берілетін азық-түлік жәшігінде 1 келі қант, 2 келі макарон, 1 келі күріш, сұйықмай деген сияқты шектеулі тағамдар болса, қайырымдылық қоры бір отбасының бір айына жететін азығын апарып жүр. Бұл үшін шамамен 25-30 мың теңге қаржы жұмсалып, мұнымен қоса отбасы мүшелеріне керекті киім-кешек, гигиеналық заттар да жеткізіледі.

Онсызда азық-түлікке мұқтаж болып отырған отбасыларға карантин еселеп ауырлығын салып отыр. "Жақсылық сапарында" жанарына мұң толған мүгедек жандарды, жалғыздықтан жабырқаған қарияларды ғана емес әкесі тастап кеткен, көздері жәутеңдеген тірі жетім балаларды да көрдік. Қазақта "Шешелі жетім жарым жетім, әкелі жетім анық жетім" деген сөз бар. Балаларын анық жетім еткен әкелерге Аллаһым сана берсін деп тілейміз. Алайда, безбүйрек әкелер ғана емес, аналардың да бар екенін көрдік, жаға ұстадық. Анасы тастап кеткен 5 баланы асырап отырған ата-әжеге қарайластық. Жүрегі мұз "әкелер" мен тасбауыр "аналардың" ісіне не шара бар, - деген ренішін жеткізді волонтерлер.

Қайырымдылық қорының еріктілері Қарағанды қаласындағы ғана емес Новоузенка, Ақтас елді мекендеріндегі, Абай, Теміртау қалаларындағы, Бұқар жырау ауданындағы қиын жағдайда қалған жанұяларға да көмек қолын созуда.

Ел басына күн туған кезде мұқтаж жандарға азық-түлікпен ғана емес, қаржылай да көмектесуге тырысамыз. Сәуір айының 24-де Қарағандының Михайловка шағын ауданында жер үй отқа оранып, онда тұратын жалғызбасты ана баспанасыз қалған болатын. Біздің қайырымдылық қор баспанасыз қалған ананың қайғысына ортақтасып, халықтан көмек сұрап, жақсылық жасауға шақырдық. Бір күннің ішінде 924 мың теңге көлемінде қаржы жиналып, оны тілсіз жаудан зардап шеккен Гүлжия Қожахметованың
есепшотына аудардық, - дейді Жансая Каменова.

"Дамылсыз дауыл соқса да, әрқашан біз біргеміз!" дейтін еріктілер қиын- қыстау кезеңде елдің бірлігі бекем боларына сенімді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы