Жағдайы төмен отбасыларға жалдамалы пәтерлерді беру жеңілдетіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ақорда» резиденциясында әкімдердің қатысуымен өткен кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Ақордадағы кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған әлеуметтік тұрғыдан әділетті ел құру бағытын жалғастыруды міндеттеді. Соның ішінде Президент әкімдерге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтерлерді беру мәселесін жеделдетуді және бұл үдерісті биылғы мамыр айынан бастауды жүктеді. Сонымен қатар, Қ.Тоқаев халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін инфрақұрылымға қатысты жүйелі мәселелерді шұғыл шешудің маңызды екенін атап өтті», - делінген жазбада.

Сонымен қатар, Президенттің баспасөз хатшысы Берік Құрманғали Ақордадағы кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат пен қоғам арасындағы тиімді байланыстарды жолға қоюдың маңыздылығына тоқталғанын атап өтті.

«Мемлекеттік органдар тарапынан коммуникацияның заманауи арналарын пайдалана отырып, тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі атап өтілді. Президент өңір әкімдерінің халықпен үнемі кездесуге және елді мекендерді жиі аралауға тиіс екенін де айтты», - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы