Жаңа туристік маусымда Баянауылға 300 мың турист келеді деп күтілуде

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің Баянауыл ауданындағы туристік нысандарға техникалық аудит жүргізіледі. Басты мақсат - демалыс орындарының стандарттар сай болуын қамтамасыз ету. 

Аудит жүргізу шешімі аймақ басшылығының Баянауыл ауданына барған сапарынан соң қабылданды. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың пікірінше, өңірдегі кез келген демалыс орнында жуыну кабиналары, дәретхана және банктік терминалдар сияқты қарапайым қажеттіліктер болуы керек.

Коронавирустық инфекция салдарынан халықаралық туристік бағыттардың қысқаруына байланысты өңірімізге тынығушылар көп келеді деп күтілуде. Ішкі туризам қарыштап дамуы керек. Сондықтан, Баянауыл ауданының инфрақұрылымы мен сервисі туристер легіне дайын болуы керек, - дейді аймақ басшысы.

Бүгінде Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерінің маңындағы жағажайларда туристерге қажет қарапайым қажеттіліктер жоқ. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа шеберлік жоспары қажет.


Жаңа туристік маусымға дейін Әлие бұлақ бұлағы және Қоңыр Әулие үңгірінің аумағы абаттандырылатын болады. Сонымен қатар, Торайғыр көлі-Торайғыр ауылы-Қоңыр әулие бағытындағы жолға асфальт төселеді. Бұл аумақта та жол бұрын-соңды болмаған. Сала мамандарының айтуынша, жол инфрақұрылымы дамыса, ішкі туризмге қызығушылық танытатындардың қатары да артады.

Еске салсақ, былтырғы жылы Баянауыл өлкесіне демалуға 200 мыңға жуық турист келген. Биылғы жылы көрсеткіш 300 мыңға артады деп күтілуде. Туристік инфрақұрылымның дамуы нәтижесінде жаз мезгілінде 200-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осы жылғы жоспар аясында 30 шақырымға жуық жол салынып, 13 шақырымдық электр желілері тартылады. Сонымен қатар, "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы шеңберінде орталықтандырылған су жүйесінің 50 шақырымынан астамы салынады.

Айта кетейік, өткен жылы Баянауыл өңірінің табиғи ескерткшітерін ЮНЕСКО халықаралық ұйымының қамқорлығындағы нысандардың тізіміне енгізу мақсатында бір топ сарапшы шақырылған. Шетелдік ғалымдардың назарына іліккендердің қатарында Қоңыр Әулие үңгірі, Молалар даласы атты Қола дәуіріне тиесілі қорымдар болды.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы