Жаңақорғандық тұрғын төтенше жағдай кезінде қыз ұзату тойын жасаған
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны төтенше жағдай кезінде қызын ұзатқан.
Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Гүлжаһан Қайырбергенованың мәлімдеуінше, елімізде төтенше жағдай енгізілгеніне қарамай адамдарды жинап, ұзату тойын жасап жатқан тұрғын анықталды. Полицейлер оны ұстап, қамады.
Төтенше жағдай талаптарына мойынұсынбай, той ұйымдастырып жатқан тұрғынның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тараған болатын. Оған облыс тұрғындары наразы болып, пікірлер жазып жатты. Полицейлер осы деректі дереу тексеруге алды, – дейді Гүлжаһан Қайырбергенова.
Деректің шынайылығын тексерген ішкі істер қызметкерлері той Жаңақорған ауданында өткенін анықтау қиынға соққан жоқ. Видеода тәртіп бұзушының үйі, яғни нақты мекен-жайы көрсетілген.
Тексеру нәтижесінде 27-наурызда шамамен сағат 17.30-да Жаңақорған ауданы тұрғынының қыз ұзату тойын жасағаны белгілі болды. Заңға бағынбаған той иесі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 476 бабына сәйкес, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Құжаттары сотқа жіберілді, – деді баспасөз қызметінің өкілі.
Аталған іс бойынша сот online режимде өтті. Енді той тойлаған тұрғын 10 АЕК, яғни 26 мың 510 теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Айта кетейік, Жаңақорған ауданында 4 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шынар Айдарова науқастар аурухананың провизорлық орталығына жатқызылғанын мәлімдеді. Ал олармен байланыста болған 38 адам медициналық бақылауға алынды.