Жаңа үлгідегі жүргізуші куәлігін алу міндетті болмайды – әкімшілік полиция комитеті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа үлгідегі жүргізуші куәлігін алу міндетті болмайды. Бұл туралы бүгінгі баспасөз брифингі барысында ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Юрий Козлов мәлімдеді. Ол жаңа үлгідегі жүргізуші куәліктеріне қатысты бірқатар сұраққа жауап берді. 

Әзірленіп жатқан жаңа үлгідегі жүргізуші куәлігі бұрынғысынан айтарлықтай ерекшеленбейді. Қазіргі қолданыстағы куәлікте бар барлық реквизиттер жаңасында да бар. Мақсатымыз – бірегейлендіруге сәйкес қолдан жасалған көшірмеден сақтану үшін сапасын арттыру. Чипті визуалды түрде жақсы көрінуі үшін алдынан артқы жағына ауыстырдық. Оны әзірлеу әдістері де өзгерді. Мүлдем жаңа технологияны қолданамыз. Бұл жүргізуші куәлігінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, - деді Юрий Козлов Орталық коммуникациялар қызметінің кулуарында. 

Спикердің сөзіне сүйенсек, бұрынғы куәліктің иегерлері жаңа үлгідегі куәлікті алуға міндетті емес. Қолданыстағы жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталған кезде ғана жаңасына ауысуға болады.
Аталмыш өзгертулер бюджеттен қосымша қаражатты талап етеді деген мәселе көтерілген болатын. Алайда, мүлдем олай емес. Бұл іс-шара қазіргі қаржыландыру аясында іске асырылатын болады. Яғни, қосымша ақша бөлінбейді. Сондай-ақ, жүргізуші куәлігінің құны да еш өзгермейді. Чиптегі жад көлемі ұлғайтылды. Сол арқылы біз көптеген мағлұматтарды сыйдырта аламыз. Мәселен, саусақ ізтаңбасын немесе биометриялық параметрлерді енгіземіз. Қазіргі күні бұл қаралып жатыр, - деп атап өтті Әкімщілік полиция өкілі. 

Баршаңызға мәлім, Ішкі істер министрлігі Қазақстандағы жүргізуші куәлігінің жаңа үлгісі жарияланғаны туралы бұған дейін хабарлаған болатын. Аталған өзгерістер жүргізуші куәлігін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жеке басын куәландыратын құжаттармен сәйкестендіру үшін қажет және құжаттарды дайындаудың бірыңғай өндірістік стандартына көшуге мүмкіндік береді. Оны 2020 жылдан бастап бере бастайды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы