Ертіс өңірінде әлжуаз азаматтарға көмек көрсетудің жаңа концепциясы әзірленді

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Үстіміздегі жылдың 1 сәуірден бастап әлеуметтік көмекке зәру азаматтарға арналған концепциясы шеңберіндегі шаралар іске қосылады. Кешенді жоспарды арнайы құрылған жұмыс тобы жасаған.

Павлодар облысында 1 сәуірден бастап аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардың балалар үшін мектепке дейінгі білім беру қызметі ақысыз көрсетіледі. Көпбалалы отбасылардың балалары қоғамдық көлікте тегін жүре бастайды. Сонымен қатар, оқушы балалар мектеп асханасында тегін тамақтанады. Тағы бір жаңалық, тұрғын үйге зәру азаматтарға Ақсу қаласында баспана беріледі.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың айтуынша, өңірде қосымша әлеуметтік қолдау шараларына 420 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат концепцияда бекітілген алты бағытты жүзеге асыруға жұмсалады.

«Атаулы әлеуметтік көмек көрсетуде жеке ауыл шаруашылығының кірістері ескерілмейді. Аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары үшін балабақша тегін болады. Бұл жеңілдікке облыстың 3,5 мың кішкентай тұрғыны ие болады. Бұл мақсатқа қосымша 392 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары мектеп асханаларында тегін тамақтанады. Бұл санаттағы жанұяларға тегін дәрі-дәрмек қобдишалары ұсынылады», - дейді Мейрам Бегентаев.

Айта кетерлігі, дәрі құтыларының құрамында 12 медикамент бар. Бұл құтылар 1435 отбасыға беріледі. Бір құтының бағасы – 3 200 теңге. Бұл игілікке облыстық бюджеттен 4,6 млн теңге бөлінген.

Сонымен қатар, тұрғын үйге зәру 102 отбасының мәселесін шешу үшін 907, 5 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа көпқабатты тұрғын үй сатып алынады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы