Жәйремде полиметалл кенін өңдейтін жаңа фабрика салынуда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы Жәйремде қорғасын және мырыш концентраттарын ала отырып, полиметалл кенін өңдейтін жаңа байыту фабрикасы жұмыс істейтін болады. Құрылыс жұмыстарының барысымен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек кентке жұмыс сапары кезінде танысты, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Инвестициялық жобаның құны – 145 млрд теңге. Фабрика 4.0 индустрия элементтерін қолдана отырып, заманауи стандарттар бойынша құрылады. Өңір үшін бұл 1000 жаңа жұмыс орыны және даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, - деді облыс әкімі.Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 5,0 млн тоннаға дейінгі полиметалл кендерін қайта өңдеуді, 72 мың тоннаға дейінгі қорғасын концентратын және 308 мың тоннаға дейінгі мырыш концентратын шығаруды болжайды.
Кен орынындағы жұмыстардан басқа кәсіпорын әлеуметтік міндеттемелерді де өз мойнына алады. Мәселен, соңғы төрт жылда Жәйрем кентінің әлеуметтік саласын дамытуға компания 1 млрд 800 млн теңге бөлді. Жергілікті аурухананың күрделі жөндеуіне, мешіт құрылысына және әлеуметтік дүкеннің ашылуына қаржы жұмсалды.
Сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін екі бесқабатты үйді қалпына келтіру жоспарланған.
"Шұбаркөл көмір" АҚ-да Жеңіс Қасымбекке компания өз қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін қалай шешетіні туралы баяндап берді. Аймақ басшысы "Центральный" көмір разрезін, коксохимиялық цехын және "Центр" вахталық кентінің 120 орындық жаңа жатақханасын аралап көрді. Тағы да осындай 3 нысанның құрылысы жоспарлануда.
"Шұбаркөл көмірде" жұмысшылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін футбол алаңы мен воркаутқа арналған алаң салынып, күрес кілемдері сатып алынған. Бұл туралы қызметкерлер кәсіпорын басшылығынан өздері сұраған.
Облыс әкіміне кәсіпорынның жоспарлары туралы баяндалды. Қазір қуаттылығы жылына 1000 тонна болатын өнеркәсіп үшін белсендірілген көмір өндіру жобасы іске асырылу сатысында. "Шұбаркөл көмір" өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде ондай көмір өндірмейді, негізінен Ресей мен Қытайдан әкелінеді. Сонымен қатар, 175 жұмыс орынын ашуға мүмкіндік беретін арнайы кокс өндіретін зауыт салу жоспарланған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Әлемде аллергиясы бар адамдар көбейді
Өзгелердің жаңалығы