Жүрегім аман болсын десеңіз...

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде жүрек-қан тамырлары аурулары (ЖҚА) бүкіл әлем бойынша жалпы өлім-жітімнің басты себебі болып отыр. Жыл сайын жүрек-қан тамырлары аурулары салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткішіндей жағдай басқа ешбір дерт әсерінен болмайды. 

Бұл проблема табысы төмен және орташа елдерге түрлі дәрежеде әсер етеді. Аталмыш дерт өлімінің 80%-дан астамы осындай елдерде, ерлер мен әйелдер арасында бірдей байқалады. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай шамамен, 25 миллион адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан, негізінен жүрек аурулары мен инсульттан қайтыс болады деп болжануда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) болжамына сәйкес, бұл жайт өлім-жітімнің негізгі себептері болып қала береді.

Жалпы, жүрек-қан тамыр аурулары деген қандай дерт?

Жүрек-тамыр аурулары - бұл құрамында жүректің ишемиялық ауруы - жүрек бұлшықетін қанмен қамтамасыз ететін қан тамырларының ауруы, ми қан тамырларының ауруы - миды қанмен қамтамасыз ететін қан тамырларының ауруы, шеткері артерия ауруы – қол мен аяқты қанмен қамтамасыз ететін қан тамырларының ауруы, ревмокардит – стрептококк бактериялары тудыратын ревматикалық шабуыл нәтижесінде жүрек бұлшық етінің және жүрек клапандарының зақымдануы, туабітті жүрек ақауы – туғаннан бастап болатын жүрек құрылымының деформациясы, терең тамыр тромбозы және өкпе эмболиясы – аяқ тамырларында қан ұйығыштарының пайда болуы (олар жүрек пен өкпеге қарай жылжи береді) сияқты жүрек және қан тамыры аурулар тобы.

Ауыр дерт саналатын инфаркт пен инсульт негізінен жүрекке немесе миға қан ағынын тежейтін тамырлардың бітелуі нәтижесінде пайда болады. Мұның ең көп таралған себебі - жүрекке немесе миға қан жіберетін қан тамырларының ішкі қабырғаларында май қабаттарының шоғырлануы. Мидағы қан тамырларынан қан кету немесе қан ұйығыштары да инсульттің туындауына бірден бір себеп болуы мүмкін. Ал, миокард инфарктісі мен инсультке әдетте, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, семіздік, физикалық белсенділіктің болмауы, алкоголь тұтыну, жоғары қан қысымы, қант диабеті және гиперлипидемия сияқты факторлар әсер етеді.

Ең маңызды созылмалы инфекциялық емес аурулар (СИА)- яғни, жүрек-қан тамырлары аурулары (ЖҚА), онкологиялық, созылмалы респираторлық аурулар, қант диабеті сияқты ауруларды бірге есептей келе, белгілі болғаны, бұл аурулар жыл сайын әлемде болатын 57 миллион өлім-жітімнің 59%-ын тудырады және аурудың жаһандық ауыртпалығының 46%-ын құрайды. Бүкіл адамзат үшін маңызды созылмалы инфекциялық емес аурулар арасында жүрек-қан тамырлары аурулары, асқынулардың таралуы, ауырлығы, моральдық және материалдық шығындар жағынан да медициналық-әлеуметтік проблемалардың негізгісі болып саналады. Жүрек-қан тамырлары аурулары - жүрек және қан тамырлары ауруларының тобы, артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын (ЖИА), цереброваскулярлық ауруларды (инсульт), шеткергі қан тамырлары ауруларын, жүрек жеткіліксіздігін, ревматизмді, туа біткен жүрек ақауын, кардиомиопатияны қамтиды.

Жалпы өлім-жітім құрылымында бүкіл әлемде ЖҚА жетекші орын алады. ДДСҰ мәліметтері бойынша өлім-жітім мен мүгедектіктің 50%-дан астамы жүрек ауруынан болады екен. Жүректің ишемиялық ауруы мен инсульттен жыл сайын 12 млн адам қаза табады. Бұрын индустриалды дамыған елдердің ауруы саналған ЖҚА кейінгі кездері дамушы аймақтарда да қарқын алып келеді. Яғни, ЖҚА-дан болатын барлық өлім-жітімнің 80%-ы дамушы елдерде және табысы төмен және орташа елдерде орын алатын көрінеді. Сонымен қатар, салыстырмалы түрде алар болса, дамыған елдерге қарағанда дамушы елдерде ЖҚА-дан қайтыс болатындар көбіне, жастар.

ДДСҰ деректеріне сәйкес, ТМД елдері бойынша жүректің ишемиялық ауруынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерін талдау барысында өлім-жітімнің неғұрлым жоғары деңгейі Молдова Республикасында тіркелгенін көрсетті - 100 мың тұрғынға шаққанда 496,16 құраған. Одан кейін Украина (491,91), Қырғызстан (444,59), Ресей Федерациясы (359,33), Литва (313,91), Латвия (248,88), Эстония (199,15), Румыния (187,19), Қазақстан (187,19), 181,32), Чехия (161,82), Болгария (114,26) тұр.

Осы орайда Мельбурн университетінің зерттеуші мамандары 2000 жылдан бастап табысы жоғары 23 елде жүрек аурулары мен инсульттан тұратын жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімнің тенденцияларын талдап келеді. Олар қазіргі уақытта 35 пен 74 жас аралығындағы адамдар арасында жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім іс жүзінде төмендей бастағанын және 23 елдің 12-де көбейе бастағанын анықтады. Ол зерттеу «Epidemiology International Journal» журналында жарияланған. Мысалы, АҚШ пен Канадада өткен жылы жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші артса, Австралия, Ұлыбритания және Жаңа Зеландияда жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімнің жыл сайынғы төмендеуі қазіргі уақытта 2000 жылдардағы жағдайдың тек 20-50% құрайды.

Жүрек-қан тамырлары ауруларының қауіп факторлары қандай?

Жалпы, жүрек аурулары мен инсульт қаупінің негізгі факторлары дұрыс тамақтанбау, физикалық инерттілік, темекі шегу және алкоголь тұтынуда жатыр.

Мінез-құлық факторларының адамға әсері қан қысымының, қандағы глюкоза деңгейінің, қандағы липидтердің жоғарылауы, артық салмақ пен семіздік түрінде көрінеді. Осы «аралық қауіп факторларын» бағалау алғашқы медициналық-санитарлық мекемелерде жүргізілуі мүмкін және олар миокард инфарктісі, инсульт, жүрек жеткіліксіздігі және басқа да асқынулардың жоғары қаупін көрсетуі мүмкін.

Темекі шегуді тоқтату, тұз мөлшерін азайту (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген соңғы зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан тұзды көп тұтынатын елдер қатарына енген, жемістер мен көкөністерді тұтыну, үнемі физикалық белсенділік және алкоголь тұтынудың алдын алу жүрек-тамыр ауруларының пайда болу қаупін төмендететіні ғылыми тұрғыда дәлелденген. Сонымен қатар, ЖҚА қаупін азайту және қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы және липидтердің жоғарылауы кезінде инфаркт пен инсульттің алдын алу үшін дәрілік терапия қажет болары сөзсіз. Адамдардың саламатты өмір салтын таңдауы үшін оның қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қолайлы қоршаған орта құру саясаты қажет.

Созылмалы аурулардың дамуына немесе дамудың негізгі себептеріне әсер ететін бірқатар фактор бар. Олар әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістерге әкелетін негізгі қозғаушы күштер – жаһандану, урбанизация және халықтың қартаюы. Ал, ЖҚА-ны анықтайтын факторлар – кедейлік, стресс және тұқым қуалайтын факторлар.

Жүрек-қан тамыр ауруларының жалпы белгілері қандай?

Инфаркт және инсульт белгілері

Көбінесе аурудың негізінде жатқан қан тамырлары ауруы асимптоматикалық болып келеді. Инфаркт немесе инсульт аурудың алғашқы ескертулері болуы мүмкін. Инфаркт белгілері кезінде кеуде қуысының ортасындағы ауырсыну немесе ыңғайсыздық, қолдардағы, сол жақ иықтағы, шынтақтардағы, жақ сүйектеріндегі немесе арқадағы ауырсыну немесе ыңғайсыздық байқалады. Сонымен қатар, адам тыныс алу барысында немесе ауа жетіспеушілігінде жүрек айну немесе құсу, бас айналу немесе есін жоғалту, суық тердің шығуы, бозару сияқты қиындықтарға тап болуы мүмкін. Әйелдерде тыныс алу, жүрек айну, құсу және арқа мен жақтың ауыруы жиі кездеседі.

Инсульттің ең көп кездесетін симптомы – бұл кенеттен пайда болатын әлсіздік, көбінесе денесінің бір жағында, қолында немесе аяғында кездеседі. Тағы қосымша белгілері қатарында денесінің бір жағы қолдың немесе аяқтың күтпеген жерден ұйып қалуы, ақыл-ойдың шашыраңқылығы, сөйлеудегі қиындық немесе өзгенің сөзін түсінудегі қиындық, бір немесе екі көздің көру қабілетінің қиындауы, жүру барысында қиналу, бас айналу, тепе-теңдікті жоғалту, белгілі бір себепсіз бастың қатты ауруы, сондай-ақ есін жоғалту немесе ес-түссіз жағдайға түсу сияқты белгілер бар. Осы тектес белгілерді байқаған адам дереу медициналық көмекке жүгінуі керек.

Осы ретте бір қызық тенденция бар. Жүрек-қан тамырлары аурулары көбіне табысы төмен және орташа елдерде ерекше қарқын алып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) осы мәселегеқатысты негізгі себептерді төмендегідей көрсеткен.

* Әлемдегі ЖҚА өлімінің кем дегенде 75% - ы табысы төмен және орташа елдерде кездеседі.

* Табысы төмен және орташа елдердегі адамдар, табысы жоғары елдердегі адамдарға қарағанда, қауіп факторлары бар адамдарды ерте анықтау және емдеу үшін кешенді алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бағдарламаларының артықшылықтарын көбіне пайдалана алмайды.

* Табысы төмен және орташа елдердегі ЖҚА және басқа да жұқпалы емес аурулармен ауыратын адамдар өздерінің қажеттіліктеріне жауап беретін тиімді және әділ медициналық-санитарлық қызметтерге (соның ішінде дертті ерте анықтау қызметтеріне) қол жеткізе алмайды. Нәтижесінде көптеген адамдар ЖҚА және басқа да жұқпалы емес ауру салдарынан өмірден тым ертең өтеді.

* Бұл дерттен әсіресе, табысы төмен және орташа елдердегі ең кедей адамдар зардап шегеді. Осы ретте жеке отбасылар деңгейінде медициналық көмек алуға кететін шығынның көп болуына байланысты ЖҚА және басқа да жұқпалы емес аурулар отбасылардың одан әрі кедейленуіне ықпал ететіндігін көрсететін жеткілікті дәлелдер бар.

* Макроэкономикалық деңгейде ЖҚА табысы төмен және орташа елдердің экономикасына ауыр жүктеме салады. 

Жүрек-қан тамырлары ауруларының ауыртпалығын қалай азайтуға болады?

Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу және олармен күресу үшін ДДСҰ ресурстардың аз қамтамасыз етілуі жағдайында да іс жүзінде жүзеге асырылатын шығындар тұрғысынан бірқатар «ең тиімді» немесе жоғары тиімді шараларды анықтады. Оны екі түрлі бағытта қарастыруға болады, яғни, бүкіл халық үшін және жүрек-қан тамырлары ауруларының жоғары ауыртпалығын азайту үшін бір-бірін өзара қолдануға болатын жеке шаралар. ЖҚА-ны жалпыұлттық деңгейде төмендету үшін жүзеге асырылуы мүмкін шаралардың мысалы төмендегідей: 

* темекіге қарсы жан-жақты күрес саясаты;

* май, қант және тұз мөлшері жоғары тағамдарды тұтынуды азайту мақсатында салық салу;

* физикалық белсенділік деңгейін арттыру үшін жаяу жүру және велосипед жолдарын салу;

* алкоголь тұтынуды азайтуға бағытталған стратегиялар;

* мектептерде балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету.

Алғашқы миокард инфарктісі мен инсульттің алдын алу үшін жеке сипаттағы медициналық-санитарлық шаралар жалпы жүрек-қан тамырлары қаупінің орташа немесе жоғары деңгейі бар немесе қант диабеті, гипертония және гиперхолестеринемия сияқты жеке қауіп факторлары бар адамдарға емделуге ұсынылған деңгейден асып кетуі керек. Алғашқы шаралар (барлық қауіп факторларын ескерілген кешенді тәсіл) екіншісіне қарағанда шығын көлемі тұрғысынан тиімдірек және олар жүрек-қан тамырлары ауруларының жиілігін едәуір төмендетуге қабілетті. Бұл тәсіл ресурстармен, оның ішінде медициналық емес персоналды пайдалануды қоса алғанда, төмен қамтамасыз ету жағдайында іс жүзінде жүзеге асырылады.

Алынған оң нәтижелер негізінен бір-бірімен байланысты емес, алайда, егер олар темекі шегуді тоқтатумен бірге қолданылса, қан-тамырлары бұзылуларының 75% алдын алуға болады. Қазіргі уақытта бұл шараларды жүзеге асыруда, әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде айтарлықтай кемшіліктер бар. Сонымен қатар, ЖҚА емдеу үшін кейде қымбат хирургиялық операциялар қажет болып жатады, яғни, аортокоронарлық шунттау, баллонды ангиопластика (бұл жағдайда бітелген тамырдың саңылауын қалпына келтіру үшін артерия арқылы кішкене баллонды катетер енгізіледі), пластика және клапан ауыстыру, жүрек трансплантациясы, жасанды жүрек операциялары. Кейбір ЖҚА емдеу үшін медициналық құрылғылар қажет. Мұндай құрылғыларға кардиостимуляторлар, жасанды клапандар және жүректегі тесіктерді жабуға арналған құралдар жатады.

Қан айналымы жүйесі ауруларының проблемалары, атап айтқанда жүрек қантамыр аурулары соңғы кезде әлемдік індеттің сипатын алды. ДДСҰ-ның бағалауы бойынша, 2016 жылы ЖҚА-дан 17,9 миллион адам қайтыс болды, бұл әлемдегі барлық өлімнің 31% құрады. Бұл өлім-жітімнің 85%-ы инфаркт пен инсульттан болды. Қазақстанда соңғы бірнеше жылда халықта жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын диагностикалау жағдайлары 5-7 есе өскен, ал ауру-сырқаушылық және өлім құрылымы бойынша қазақ елі алғашқы орындарда тұр. Әлемде жыл сайын жүрек қантамырлары ауруларынан 17 млн адам көз жұмады екен. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі. Ал отандық мамандар дерттің соңғы 20 жылда елімізде де дендеп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының кардиолог-аритмологы,   интервенциялық аритмология бөлімшесінің меңгерушісі, Қазақ аритмологтар қоғамының президенті, медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Аян Әбдірахманов елімізде жүрек алмастыру оталары сәтті жасалуда, тек қажетті донор жетіспейтінін айтады.

Жүрек-қан тамыр ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштері Қазақстанда ғана емес, Дүниежүзі бойынша бірінші қатарда тұр деуге болады. Кардиохирургиялық орталықта қазіргі заманға сай техникалық үлгілер, барлық кардиологиялық ем-шаралар, кардиохирургиялық көмек (ота) жақсы жолға қойылған. Жүрек алмастыру оталары сәтті жасалуда. Тек қажет ететін науқастарымыздың көпшілігіне донор жетпейді. Жасанды жүрек қарыншалары бар. Соларды біздің кардиохирургтар алмастырады. Бір кардиохирургиялық бөлімше жүрек жетіспеушілігі диагнозы бар науқастарды қарайды. Ондай науқастар көп. Дүние жүзінде толық жасанды жүрекпен ауыстыру оталары жүргізілуде. Интервенциялық кардиология жақсы дамып келеді. Бұрын кардиохирургтарымыз ашық жүрекке ота жасайтын болса, енді интервенциялық кардиохирургтар сол оталардың көпшілігін жабық, жүректі ашпай жасауда. Қан тамыры арқылы жүректің ішіне кіріп, клапандарды алмастырады. Интервенциялық кардиологияда окклюдер деген нәрсе болады, қан тамыры арқылы кіргізіп, туа біткен ақауларды окклюдермен бітейді. Жүректі ашпай, балаларға жабық түрде ота жасалады, - дейді ол.

Түйін. Кардиолог мамандар «жүрегім аман болсын десең, көп қимылда» деген кеңес береді. Сонымен қатар, жеміс-жидек пен көкөніс тұтуны мөлшерін арттыру, күнделікті құрамында қанты бар сусындардың орнына қарапайым су ішіп, нан және ұн өнімдерін азайту, майлы етті, сүтті тағамдар, консерві, шұжық, ірімшік, маринадталған тағамдар, балық, шоколад сияқты азықтарды көп тұтынбау, ашушаңдыққа бой алдырмай, таза ауада жүгіру керек дейді. Қант, май және калория көлемі жоғары азықтардың құнарлығы төмен болады. Сондықтан салмақты бақылауда ұстап, артық салмақтан арылу қажет. Тағы бір мәселе, жүректі әр 6 ай сайын тексертіп тұруды да ұмытпаған жөн.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы