Жұмысым нақтылық пен ықтияттылықты қажет етеді – өндіріс озаты

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Теміртаулық Лаура Жаудина "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында сорғыш конденсатының аппаратшысы болып еңбек етеді. Ол өткен жылдың қорытындысы бойынша "Өндіріс озаты" атағына ие болған.

Лаура Жаудина Атырау облысы, Индер ауданының тумасы. Қара металлургияның отаны саналатын Теміртау қаласына 1983 жылы бар-жоғы 17 жасында білім іздеп келгендігін айтады.

Бұрынырақта оқу орындарының оқытушылары Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, мектеп бітірушілерді өздерінің білім ордалаларына шақыратын. Мектепте оқып жүргенімде химия пәнін қызығушылықпен оқитынмын. Болашақта мамандығымның осы химия саласымен байланысты болуын қаладым. Теміртаудағы жоғарғы техникалық оқу орнына осылай келдім, – дейді Лаура Жаудина.

Ата-анасының келісімін алып, Теміртауға келген бойжеткенге оқу орнының ұстаздары химия саласының қыз балалар үшін қиын екендігін, өмір бойы зауытта жұмыс істеу керектігін айтып, райынан қайтарады. Ұстаздардың кеңесін тыңдаған Лаула Қадырқызы «өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығын таңдайды. Шалғайдағы батыстан келген 17 жастағы бойжеткен қыздың өмірі осылайша құрыш қаламен біте қайнасты. Лаура Қадырқызы осында білім алып, жұмысқа тұрып, отбасын құрды.

Ол кезде жас едім. Қазақ мектебін бітірген, орысша сөйлей алмайтын, оң солын әлі танымаған қызға оқу қиын болды. "Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс" мамандығының екінші курсында сызу сабақтары басталғанда тіпті қиналдым. Сол себепті кешкі бөлімге ауысып, жұмыс істеуді ұйғардым. Сол уақытта көшеде кездескен бейтаныс әйел өмірімнің өзгеруіне себепші болды, – дейді ол.

Жұмыс іздеп жүрген бойжеткен қызды көшеде кездейсоқ сөйлесіп қалған әйел жұмысқа шақырады.

Өмір белесінің дұрыс бағытына басқан қадамым болар, бейтаныс әйел өзінің зауытта жұмыс істейтіндігін айтып, коксо химия өндірісіне конденсат аппаратшысы болуға шақырды. Мен келістім. Басында бұл жұмысым уақытша деп ойладым, - дейді Лаура Жаудина.

Осылайша, 1985 жылы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында еңбекке араласқан Лаура Жаудина өзіне жұмыс ұсынған бейтаныс әйел - Мушарифа Дарибаева ұстазына айналғандығын айтады.

Ол кісіні Маша тәте дейтін едім. Жұмысымның қыр-сырын жетік меңгеруіме көмектесті. Маған үнемі қамқорлық танытып, қорғап жүретін. Жұмыстың қиындығы өз алдына ондағы сорғыштардың даусына үйрену оңай болмады. Басында бұл дауыстардан миымды демалту үшін далаға шығып та кететінмін, - дейді ол.

Лаура Қадырқызы өзі тапжылмай 35 жыл еңбек еткен кәсіпорында кокс цехының сумен үздіксіз қамтамасыз етілуіне жауап береді.

Мұнда қарамай араласқан су келеді. Содан кейін су тазартылып, салқындататын газ жинақтаушыға қайыра беріледі. Ал қарамай айыру цехына тартылады. Менің жұмысым максималды нақтылық пен барынша ықтияттылықты қажет етеді. Аппараттарды үнемі қадағалап отыру қажет. Осы салада жұмыс істегеніме 34 жылдан асты. Соңғы екі жылда өзім де жастарды оқытып, үйретіп жүрмін, - дейді өндіріс озаты.

Лаура Қадырқызы өмірлік жары Қуаныш Мейрамұлымен өндіріс орнының жұмыскерлерге арналған жатақханасында танысқан.

Жолдасым екеуміздің танысып, бас қосуымызға да осы комбинат себепкер. Ол да "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында 33 жылдан аса еңбек етеді. Екі бала өсіріп-жеткіздік. Қазір немерелердің ортасында бақытты ғұмыр кешудеміз, - дейді Лаура Қадырқызы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы