Жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік төлем алу үшін не істеу керек?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жұмыссыз жүргендер қайда жүгінулері керек? Оларға мемлекет тарапынан қандай әлеуметтік көмектер қарастырылған? Жұмыссыз азамат әлеуметтік төлем алу үшін қайда баруы керек? Сонымен қатар, жұмыссыз ретінде тіркелу үшін не істеу керек? Осы сияқты сауалдарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.
Жұмыссыздар Қазақстан Республикасының заңнамаларында бекітілген тәртіпте лайықты жұмыс іздеп жүрген адам ретінде жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларына қатыса алады, - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.
Ол үшін жұмыссыз азамат не істеуі керек?
1) тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы;
2) «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы;
3) Мемлекеттік корпорация арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуі тиіс.
Осы орайда, жұмыспен қамту орталығының қызметкері ізденушіге жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шаралары және Орталық көрсететін қызметтер туралы толық ақпарат ұсынады. Сонымен қатар, жұмыс іздеушілер www.enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, ұйымдар мен мекемелердің ұсынған бос лауазымдарына өздігінен өтініш білдіруге мүмкіндігі бар, - деді ол.Айта кетейік, «Еңбек биржасы» мемлекеттік интернет-ресурсы – еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын қамтитын, интернет желісінде жұмыс істейтін, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын көрсетуге арналған электрондық ақпараттық ресурс.
Жұмыссыз азамат әлеуметтік төлем ала ма?
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерінде Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) қаражаты есебінен жүзеге асырылады, - деп жауап берді Ақмәди Сарбасов.
Төлем алу үшін қайда бару керек?
- Egov.kz порталында тіркелу (авторизация жасау);
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
- Онлайн қызметке тапсырыс беріп, барлық алаңдарды толтырып және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жібереді;
- Бір күн ішінде өтініш берушінің тұрғылықты жеріндегі халықты жұмыспен қамту орталығы (ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
- Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде оған қашықтан жұмыссыз мәртебесі берілетін болады. Қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін ХЖҚО қызметкері хабарласады.
Жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісім беруге мобильдік телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады. МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған, - деді еңбек министрлігі.
Жұмыссыз ретінде тіркелу үшін қайда баруы керек?
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қажеттілік туындаған жағдайда жұмыс іздеушілер тұрғылықты мекен-жайы бойынша тиісті жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіре алады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу үшін жұмыс іздеушілерге нұсқаулық:
1) тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы;
2) «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы;
3) Мемлекеттік корпорация арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуі тиіс.
Вице-министрдің айтуынша, ауылдық елді мекенде жұмыспен қамту орталығы болмаған жағдайда ізденуші ауылдық округ әкімдігінің аппаратына ассистентке жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелу үшін жүгіне алады.
Жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде оған лайықты жұмыс таңдауда көмек көрсетеді. Жұмыспен қамту орталығы аталған уақыт ішінде жұмыс іздеушіге лайықты жұмыс таңдап бере алмаған жағдайда екі жұмыс күні ішінде жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз адам ретінде тіркеу немесе тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды, - деді ол.
Жұмыспен қамту орталығының қызметкері шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жұмыс іздеп жүрген адамды:
1) жұмыссыз ретінде тіркеу күні немесе тіркеуден бас тарту туралы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы, ал ауылдық жерлердің тұрғындарын кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі немесе ассистент арқылы;
2) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажетті құжаттардың тізбесі туралы хабардар етеді.
Карантин салдарынан қанша азамат жұмыссыз қалды?
2020 жылдың басынан бастап 26152 жұмыскермен еңбек қатынасы тоқтатылды. Оның ішінде, жұмыскердің бастамасы бойынша – 21717 адам, ал штат санының қысқартылуы бойынша – 4435 адам қысқартылған, - деген мәлімет берілді министрліктен.