Жұмыспен қамту жол картасына құрылыс колледждерін бітірушілер тартылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жұмыспен қамту жол картасына Алматы облысында жұмыссыз жастар мен құрылыс колледждерін бітірушілер тартылады. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысында Жұмыспен қамту жол картасын сапалы әрі мерзімінде жүзеге асыру мақсатында жұмыссыздар тізімі жасалып, оған 13 334 мың адам енгізілді. Бұл тізімде жұмыссыз жастар да бар. Сонымен қатар өңірдегі құрылыс колледждерін бітірушілер де жол картасын жүзеге асыру ісіне тартылмақ. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталов өткізген селекторлық жиында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов айтты.

 Байжұмановтың айтуынша, Жұмыспен қамту жол картасын жүзеге асыру мақсатында жасалған жұмыссыздар тізіміндегі 13 334 мың адамның 3 228-і - 29 жасқа дейінгі жастар, ал соның ішінде 1744-і - Алматы қаласы маңындағы аумақтарда тұратын жұмыссыз жастар.

Өңірде 20 мобильді рекруттық пункттер құрылып, жұмыс істеуде. Солар арқылы Жұмыспен қамту жол картасына қатысты 9 865 адамға кеңес беріліп, 165 адам жұмысқа орналастырылды.

Қазіргі кезде 175 жобада 2 397 жұмыс орны құрылып, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 1 198 адам жұмысқа тұрды. Соның 350-і - Алматы маңындағы елді мекендерде тұратын жұмыссыз жастар.

Сол сияқты Жол картасы жобаларының құрылысы мен қайта жаңғырту кезеңдеріне облыстағы 5 құрылыс колледжінің 205 бітірушісі де тартылатын болады. Олардың қатарында тас қалаушы, жалпы құрылыс жұмыстарының шебері, ағаш шебері, құрылысшы-ағаш ұстасы, сылақшы, қаңқа қаптау конструкцияларын монтаждаушы, әктеуші, техник құрылысшы, гидротехник құрылысшы мамандары бар.

Жалпы, «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында облыста 22,8 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған, соның ішінде 1,8 мыңы тұрақты жұмыс орны болмақ. Және соның 10,5 мың адамы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы