Жұмыспен қамту жол картасы арқылы елордада қалай жұмысқа орналасуға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" мемлекеттік бағдарламасын іске қосу – елордада пандемия кезінде жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шараларының бірі. 

Оның мақсаты – жұмыссыздыққа жол бермеу және қосымша жұмыс орындарын құру деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.    

Бағдарлама аясында бірқатар ірі инфрақұрылымдық нысанның құрылысы жүргізілуде. Сонымен, №49 мектепті күрделі жөндеу кезінде 98 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда, оның 55-і Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асады. 

Тұран даңғылынан Жиделі (№37) көшесіне дейінгі учаскеде № 26 көшені салу кезінде 189 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. 

Қатысу алгоритмі мынадай: 

Алдымен Нұр-Сұлтан әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына call-орталық арқылы 8 717 257 88 88 нөміріне хабарласу қажет. Содан кейін жұмыс іздеушінің тілектеріне сүйене отырып, орталық мамандары жобаларға лайықты бос жұмыс орындарын таңдап, әңгімелесуге жібереді. Бағдарламаға қатысу үшін құжаттар тізімі – жеке куәлік, диплом және еңбек кітапшасы (бар болса), – деп түсіндірді орталық мамандары. 

Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту орталығы өз кезегінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру мониторингін жүргізеді, сондай-ақ жобаларда жаңа жұмыс орындарының құрылуына жетекшілік етеді. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді, онда жұмыс беруші-мердігерлермен өзара іс-қимыл жасайтын салалар бойынша бөлінген 12 жоба әкімшісі бар. 

Әкімшілер басталған жұмыс санын, құрылған жұмыс орындарын және Жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекпен қамтылған жұмыссыздар санын бақылайды. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша ең көп сұранысқа ие бос орындар – электрик, дәнекерлеуші, слесарь, монтаждаушы, ВСДЕ категориялы жүргізуші. 

Айта кету керек, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы аясында қазіргі уақытта 3137 адам жұмыспен қамтылған. Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту орталығы 7 628 адамға жұмыс беруді жоспарлап отыр. 101 ұйыммен ниет хаттамасы жасалды. Елорда тұрғындары әр түрлі салада іске қосылған 95 инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмысқа тұра алады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы