Жұлдыздар аллеясы, әсем ғимарат: Президент көмекшісі қазақ театрының құрылысымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада жаңа қазақ драма театры салынып жатыр. Бүгін құрылыс барысымен Қазақстан президентінің көмекшісі Мәулен Әшімбаев танысты. 

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев театр құрылысын жеке бақылауында ұстап отыр. Әшімбаев бүгін де президенттің арнайы тапсырмасымен келгенін жеткізді.

«Бұл театр елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынып жатыр. Жалпы, елбасымыздың тапсырмасымен Қазақстанда, Нұр-Сұлтанда әлемдік деңгейдегі өнер орталықтары ашылып жатыр. Осындай үлкен орталықтардың қатарында сіздердің театрларыңыз болады деп сенеміз. Өйткені театр өнерінің біздің руханиятымызда алатын орны ерекше. Жастарды тәрбиелеу тұрғысынан, қоғамда дұрыс құндылықтарды қалыптастыру тұрғысынан театр өте маңызды рөл ойнайды. Театр ғимараттан басталады. Ғимараты дұрыс болу керек, онда әртістерге мүмкіндіктер болу қажет. Көрермендерге жақсы демалып қайтатындай жағдайлар болуы тиіс. Енді жаңа ғимаратқа кіргеннен кейін шабыттанып, творчестволық серпін пайда болып, бұдан да керемет шығармалар шығарып, көрермендерге ұсынасыздар деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев. 

Осыдан кейін Мемлекет басшысының көмекшісі театр ғимаратын салып жатқан құрылысшылардың есебін тыңдады. 

Ал Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов әртістер театрды күтіп жүргенін айтты.


«Былтырғы 21 наурызда елбасымен жолыққанымда Нұрсұлтан Әбішұлы осы театрды салу жайында жақсы айтты. Өзінің көңілін, ниетін білдірді. Елбасының айтқан сөзі бүгінде іске асып, театрдың қабырғасы қалана бастады. Өткен жолы президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездескенімізде де осы театр жайлы сөз болды. Оның үстіне Тоқаев халыққа жолдауында басқа саланы айта келіп, театр әртістерінің жалақысын көтеру керектігін де жеткізді. Бұл өнерге деген қамқорлық және құрмет. Бүгінгі салынып жатқан театрымыздың қадамы құтты болсын. Жаңа ғимарат біздің театр әртістеріне, ұжымына жаңа күш, жаңа серпін береді деп ойлаймын», - деді берген сұхбатында Талғат Теменов.

Оның айтуынша, театрдың үлкен залы 650 орынға, ал кіші залы 250 орынға арналған. Өнер ордасының аумағы - 6 гектар. Ғимарат заманауи театрға қажетті барлық құрылғылармен жабдықталады. 


«Жоспарда жоқ. Бірақ, мен осы алаңға өмірден өткен қазақтың ұлы дарындарына үш метрлік бюст орнатсам деген ойым бар. Сосын, өткен жылы президентпен театрдың алдынан жұлдыздар аллеясын саламыз деп сөйлескен едік. Елордамызда, өзіміздің Қазақстанымыздың астанасында үлкен театрдың бой көтеруі - ортақ қуаныш. Өнер ордасы келесі жылдың 6 шілдесіне қарай ашылады. Сол уақытта осы театр сахнасында қойылым қоямыз», - деді Талғат Теменов.

Атап өтсек, Қазақ драма театры – 2 залы, қызметтік, әкімшілік және техникалық орынжайлары бар 3 қабатты ғимарат.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы