Зейнеткерлерге қандай зейнетақы төленеді?

Қазақстандық зейнеткерлерге қандай зейнетақы төленіп жүр? Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда үш деңгейлі зейнетақы жүйесі бар.

Олар:

- базалық;

- ынтымақты;

- жинақтаушы.

Базалық зейнетақы қашан төленеді?

Базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматқа тағайындалады. Оның мөлшерін айқындау кезінде зейнеткерлік жасқа жеткен күнгі барлық еңбек өтілі ескеріледі.

10 жыл және одан аз еңбек өтілі үшін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері төленеді. Оның көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-ы немесе 28 215 теңге.

Ал ең жоғарғы мөлшері биыл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105%-ы немесе 45 578 теңге.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы өсуімен базалық зейнетақы мөлшері артады.

Ынтымақты зейнетақы қашан төленеді?

Жасына байланысты зейнетақыны ынтымақты зейнетақы деп те атайды. Оны 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар азаматтар алады.

Оның мөлшері осы кезеңге дейінгі жұмыс өтіліне және орташа айлық табысқа байланысты болады. Жыл сайын ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға озып, индекстеледі.

Жинақтаушы зейнетақы қашан төленеді?

Жинақтаушы зейнетақы міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерікті зейнетақы жарналарын төлеу арқылы жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысатын адамдарға төленеді.

Жинақтаушы зейнетақы мөлшері жүйеге қатысатын кезеңнен және зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты. Ол неғұрлым көп жиналса, зейнетақы мөлшері соғұрлым жоғары болады.

Сонымен қатар биылдан бастап жұмыс берушілердің өз қаражаты есебінен өз қызметкерлерінің пайдасына міндетті зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен енгізу басталды. Міндетті зейнетақы жарналарын төлеуді жұмыс берушілер 1975 жылғы қаңтардан кейін туған азаматтар үшін ғана жүзеге асырады. Бұл шара жас ұрпақты қолдауға бағытталған. Олардың зейнетақы мөлшері зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Олардың зейнетақысы мемлекеттік базалық зейнетақы, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар есебінен жинақтаушы зейнетақы және жұмыс берушілердің жарналары есебінен шартты жинақтаушы зейнетақыдан төленетін үш компоненттен құралады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 421 мың адам.

2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 730 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 122 теңге, базалық зейнетақы – 42 608 теңге.

2025 жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге көлемінде қалады.

- айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңге (2024 жылы 3 692 теңге);

- зейнетақының ең төменгі мөлшері - 62 771 теңге (2024 жылы 57 853 теңге);

- ең төменгі күнкөріс деңгейі - 46 228 теңге (2024 жылы 43 407 теңге);

- базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 32 360 теңге (2024 жылы 28 215 теңге).

Бұл ретте жасы мен еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдерін 8,5%-ға арттыру жоспарланып отыр.

Өздеріңізге мәлім, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңге болады. Сәйкесінше, әлеуметтік төлемдер көлемі де артады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы