Зейнеткерлерге пойыз билетіне 25 пайыз жеңілдік пайда болды

Қазақстанның ұлттық теміржол тасымалдаушысы - «Жолаушылар тасымалы АҚ» ел ішінде пойызбен қатынайтын жолаушылар үшін жаңа дисконттық жүйені іске қосты. Енді зейнет жасына жақындаған азаматтар мен жастар теміржол билеттерін айтарлықтай төмен бағамен ала алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

60 жастан асқандарға - 25% жеңілдік

 

Жаңа ереже бойынша 60 жастан асқан жолаушылар ел аумағындағы барлық бағытта пойызбен жүру кезінде билет құнынан 25 пайыз жеңілдік ала алады. Ол үшін QURMET атты арнайы дисконттық картаны рәсімдеу жеткілікті.

Аталған карта купе, плацкарт және отыратын вагондарда орын санына шектеусіз билет сатып алуға мүмкіндік береді. QURMET картасының құны – 3000 теңге, ал жарамдылық мерзімі – 1 жыл.

Жастарға арналған жеңілдік

Теміржол компаниясы жастарды да назардан тыс қалдырмады. 15 пен 25 жас аралығындағы азаматтарға арналған KETTIK33 дисконттық картасы арқылы купе вагондарындағы жоғарғы орындар мен отыратын вагон билеттерін 33% арзандатылған бағамен рәсімдеуге болады. Бұл картаның да бағасы – 3000 теңге, қолдану мерзімі – 1 жыл.

Маңызды талаптар

Дисконттық карталар тек иесінің атына рәсімделеді және басқа адамға беруге болмайды. Оларды тек теміржол вокзалдарындағы кассалардан сатып алуға болады. Карта алу үшін жеке куәлік, ұялы телефон нөмірі және қалауыңыз бойынша электронды пошта қажет.

Жеңілдік тек касса арқылы немесе bilet.railways.kz сайты арқылы алынған билеттерге қолданылады. Ал екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары мен платформаларынан алынған билеттерге дисконт қарастырылмайды.

Компания мәліметінше, жеңілдіктер жыл сайын белгіленген уақыт аралығында ғана ұсынылады. Ал мерекелік және демалыс маусымында дисконттық карталар уақытша жарамсыз болады. Атап айтқанда:

  • 2026 жылғы 20–29 наурыз,
  • 2026 жылғы 25–30 желтоқсан,
  • маусым–тамыз айлары.

Қосымша мәліметті 1433 тегін байланыс орталығы арқылы немесе компанияның ресми әлеуметтік желі парақшаларынан білуге болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы