Такси жүргізушісі зейнеткерді қайшымен қорқытып, тонап кеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық полицейлер 71 жастағы әйелді тонап кеткен ер адамды ұстады.

Жеке көлігімен адамдарды тасумен айналысқан қаскөй жол-жөнекей қарт адаммен ақшасын келісіп, көлігіне отырғызған.

"Алайда, ер адам басқа тұйық көшеге бұрылып, әйелді қайшымен қорқытып, тығырыққа тіреген. Кейуана қорыққанынан бар ақшасын берген. Артынша, ер адам көлігіне отырып, бой тасалаған", - делінген ПД хабарламасында. 

Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 28 жастағы ер адамды құрықтады. Зардап шеккен әйел оны танып, қылмыскердің сол екенін растады.

Күдікті Нұр-Сұлтан қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айғақ заттар (ақша) тәркіленді. "Тонау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда.


Ұсталған азаматтың құқыққа қайшы әрекеттерінен зардап шеккен адамдарға Нұр-Сұлтан қаласы ПД Бейбітшілік көшесі 19 мекенжайы бойынша немесе мына телефон нөмірлері 71-61-51; 71-63-16 немесе 102 бойынша хабарласуларын сұрайды.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы