Зейнеткер телефон алаяқтарының өзін алдап соқты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейде зейнеткер телефон алаяқтарымен сөйлесіп, 500 рубль олжалады. Ол тәжірибелі қылмыскерлердің өзін алдап соққан деп хабарлайды dostup1.ru.
Алаяқ 70 жастағы шетел тілінің мұғаліміне қоңырау шалып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырған.
Қаскүнем «әріптестерінің» арасында ең танымал алгоритмдердің бірін қолданып, әйелге әлдекімдер оның шотын бұзуға тырысып жатқанын және барлық ақшаға қауіп төніп тұрғанын хабарлаған.
Ол әжейден банкте сақтап отырған қаражатын дереу қауіпсіз шотқа аударуды сұрайды. Бірақ «құрбан» оңай алдана қоймайды.
Шотында небәрі 50 рубль барын білетін зейнеткер әзілдесіп, біраз ақша табуға бел буады. Ол алаяққа ұялы телефонында ақша аз болғандықтан қайта хабарласа алмай қалуы мүмкін екенін айтқан.
Қармаққа ілінген олжадан айырылып қалудан қорыққан қылмыскерлер оған 500 рубль аударған.
Алаяқ өзінің алданып қалғанын түсінген кезде қалай ашуланғаны айтпаса да түсінікті: ол банктегі 50 рубль туралы естіген бойда тұтқаны тастай салыпты.