Зейнеткер қайтыс болған жағдайда оның қарыздары мен несиелерін кім төлейді
Жұмыс берушінің жаңа міндетті зейнетақы жарнасы есебінен қалыптасатын жинақтарды қоспағанда, зейнетақы жинақтары салымшының жеке меншігі болып саналады. Бұл дегеніміз – азамат қайтыс болғаннан кейін оның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатын оның туыстары ала алады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
БЖЗҚ мәліметінше, марқұмның зейнетақы жинақтары заңда белгіленген тәртіппен мұраға қалады. Ал бұл мұрагерлер марқұмның мүлкімен бірге оның міндеттемелерін, яғни қарыздары мен несиелерін де қабылдайды деген сөз.
Кейде қарыз мөлшері марқұмның барлық мүлкінің бағасынан да көп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда азаматтар үшін мұрадан толықтай бас тарту жеңіл. Бұлай болғанда қарыздарды төлеу міндеті болмайды, бірақ БЖЗҚ-дағы жинақтарды да алу мүмкін емес. Алайда заң бойынша туыстарға жерлеуге арналған біржолғы төлем беріледі.
Жерлеу төлемі марқұмның зейнетақы жинақтары есебінен, жерлеуді ұйымдастырған жақын туысының біріне беріледі. Бұл қаржы салық салынбайды және азаматтардың мұраға кіру мерзімінен бұрын төленеді.
2025 жылы жерлеуге арналған төлем мөлшері 94 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тең, яғни 369 608 теңге. Бұл соманы БЖЗҚ-дан қарыздарды өз мойнына алмастан алуға болады. Алайда кей жағдайда төлем мөлшері сәл көбірек болуы мүмкін.
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлемнен кейін марқұмның жеке шотында тиісті қаржы жылы белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын сома қалса, бұл қалдық та жерлеуге арналған төлем ретінде отбасы мүшелеріне беріледі, – деп нақтылады БЖЗҚ.
Басқаша айтқанда, егер төлем жасалғаннан кейін шотта бір ең төменгі зейнетақыдан (2025 жылы – 62 771 теңге) аспайтын қалдық қалса, ол да салықсыз және мұраға кірмей беріледі. Осылайша, 2025 жылы азаматтар БЖЗҚ-дан мұрагерлік рәсімдемей-ақ 432 379 теңгеге дейін ала алады.
Қалған қаражатты алу үшін қазақстандықтар нотариусқа мұрагерлікті қабылдау туралы өтініш беруі керек. Мұны мұра ашылған күннен, яғни азамат қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде жасау қажет.
Бұл қаражатты алу үшін жеке куәлік пен банк реквизиттерінен бөлек, келесі құжаттардың бірі қажет:
• мұраға құқық туралы куәлік;
• мұрагерлік мүлікті бөлу туралы келісім;
• заңды күшіне енген сот шешімі.
Егер мұрагерлер мұрадан бас тартса, мұра “иесіз қалған мүлік” деп танылады және мұра ашылған жердің коммуналдық меншігіне – марқұм тұрған қала немесе ауданның жергілікті қазынасына өтеді.