Зейнеткер қарапайым газетті кәдеге жаратады

Атыраулық зейнеткер қарапайым газеттен қолөнер бұйымдарын жасайды.Сүйікті хоббиіне күніне 8-9 сағатын арнайды екен, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қиялы шексіз кейіпкерде қазірдің өзінде бұйымның 100-ден астам түрі бар.

Халима Ахметқызы 40 жыл мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Соңғы 10 жылда газеттен бұйым жасауға құлшынысы ерекше. Бекзат өнер бойына әкесінен дарыған көрінеді. Қағаз қиындыларынан қолөнер бұйымының 100-ден астам түрін жасайды. Жұмысына көбіне қарапайым газетті пайдаланады.

Зейнетке шығуға 2 жыл қалғанда қызым ұсыныс тастады, осы бұйымды жасаумен айналыс деп. Ол алдымен өзі жасап көрді де, кейін маған үйретті. Қолға алып, меңгеріп кеттім. Қазір қызыма рахмет айтып отырамын. Кейбір зейнеткерлер, бос уақытым көп, не істерімді білмеймін деп жатады. Ал маған уақыт өткізуге өте тиімді іс. Түске дейін үй шаруасына көңіл бөліп, кейін осы жұмысыма кірісемін. Көбіне газеттен себет жасаймын. Дәл осы бұйымға тапсырыс көп түседі. Қыз ұзатуға дәм апарады ғой. Себетті сол заттарды салуға қолдануға болады. Бұл себеттің біреуін жасауға жарты сағат уақыт кетеді, - дейді ол.

Қиялынан шыққан туындыларды сатылымға да қояды. Түрлі жәрмеңкеге де қатысады. Алда тәуір тауарды шетелге шығаруды да армандайды.

Көбі газетті оқып болғаннан кейін, жыртып не аяқ астына салады. Негізінде кез-келген нәрсені кәдеге жаратуға болады. Газет менің екінші өмірім. Бұл жұмысқа бар жанымды саламын. Ең алдымен сабырлық керек. Сонда әдемі дүние шыға келеді. Әдемі болып шықпай қалса, ол да адамға әсер етеді. Кейін жасауға құлшыныс болмай, тоқтата тұрамын, - дейді Халима Айбекова.

Халима Айбекова қолөнерге күніне 8-9 сағат  арнайды. Зейнеткердің қолынан шыққан туындыға қызығушылар да жоқ емес. Ынта білдіргендерге үйретуден жалықпайды екен. Болашақта сөресі қолөнер бұйымдарына толып тұратын дүкен ашуды армандайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы