Зейнеткер-гимнасттар. Денсаулық пен жастықты сақтаудың құпиясы
Күнді қалай бастау керек? Бұл сұрақтың жауабын қытайлықтардан сұраған жөн. Өйткені олар күндерін бір шыны аяқ кофе ішуден емес, саябақта спортпен шұғылданудан, яғни денені шынықтырудан бастайды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Бейжіңдік зейнеткерлер гимнастика жасауға кәрілік кедергі болмайтынын дәлелдеп жүр. Олардың Ритань паркіндегі тұрақты жаттығулары, егде жастағы гимнастика әуесқойларының ептілігі кез келген адамды таңқалдырмай қоймайды.
Бұған дейін қытайлық егде жастағы тұрғындардың немен айналысатыны, олардың қанша жастан бастан зейнетке шығатыны жайында жазған болатынбыз.
Қытайлық қариялардың тынымсыз екенін бірі білсе, бірі білмес. Оған таңғы 6-да саябаққа барғанда көзіміз жетті.
Себебі Аспан асты елінің зейнеткерлері гимнастикамен, спортпен тұрақты айналысады.
Саябаққа кіру үшін алдымен Health Kit жүйесі арқылы QR-кодты сканерлеу қажет. Өйткені жүйеде мәртебеңіз жасыл болмаса, саябаққа кіруге рұқсат жоқ. Бұл эпидемиялық жағдайды ушықтырмау үшін енгізілген талап.
Бейжіңнің кез келген саябағында қай уақытта болмасын спортпен шұғылданып жүргендерді жиі кездестіруге болады.
Осымен төртінші күн таңғы 7-де өзбекстандық және армениялық әріптесім үшеуіміз саябаққа барып, жаттығу жасауды бастадық.
Алғашқы күні саябақтағы қарт кісілерді көріп, таңқалдық. Өйткені билеп жүргендер де, гимнастикамен айналысып жатқандар да, үстел теннисін ойнап жүргендер де, тіпті жүгіріп жүргендердің 80%-ы егде жастағы кісілер. Олар спортты күнделікті әдеттеріне айналдырған.
Қытайлықтар спорттың кез келген түрін құп көреді. Олар таңертең жүгірумен айналысып қана қоймай, барлық жерде, яғни спорт алаңдарында, жағажайларда, саябақтарда және тіпті үлкен сауда орталықтарының алдындағы алаңдарда халық билерін билейді. Кез келген тұрғын не қонақ олардың қатарына қосылып, билей алады.
Тағы бір танымал спорт түрі - тайцзицюань. Бұл спорт түрін тұрғындар музыкалық сүйемелдеу арқылы орындайды. Бұл - ерекше хореографиялық жекпе-жек өнері. Сондықтан болар бұл елде гимнастика немесе фитнес ретінде танымал.
Сонымен қатар таң атысымен саябаққа музыкалық инструменттерін құшақтап келетін ақсақалдар тобы да бар.
Кейбір тұрғандар жеке өздері адам аз жерде медитациямен айналысады. Ал кейбірі топ болып спортпен шұғылданғанды жөн көреді. Мысалы, мына суреттегі тұрғындар топ болып ұлттық әуенге халық билерін билеп жүр.
Қытайлық зейнеткерлердің жастық, денсаулық пен күшті сақтауға мүмкіндік беретін құпиялары – қозғалыс, ынта-жігердің (мотивация) болуы. Олардың айтуынша, үнемі қозғалыста болу қажет. Өйткені қозғалыс - бұл өмір. Сондай-ақ денені ғана емес, ақыл-ойды да жаттықтыруды ұмытпау қажет. Онымен қоса, рухтың қартаюына жол бермей, оптимизм мен энергияны сақтап, жақсылықтан үміт үзбеу керек.