Бүгiн 2026, 12:05 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Зейнетке жаспен емес, еңбек өтілімен шығу ұсынылды 

Азамат қажетті еңбек өтіліне жеткеннен кейін зейнетке шығу уақытын өзі айқындай алады.

Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Нұғманов қолданыстағы зейнетақы жүйесін қайта қарап, кезең-кезеңімен жасқа негізделген модельден еңбек өтіліне негізделген жүйеге көшуге шақырды. Тиісті депутаттық сауал Үкіметке жолданды.

Сенатор өз өтінішінде елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар Әлеуметтік кодекс нормаларын, әсіресе зейнетақы жүйесін қазіргі экономикалық жағдай мен еңбек нарығының ахуалын ескере отырып жаңартуды талап ететінін атап өтті.

Азаматтардың еңбек ету және әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі конституциялық құқықтарын іске асыру қолданыстағы зейнетақы жүйесін халықтың нақты еңбек белсенділігі мерзіміне сәйкестендіруді көздейді. Осыған байланысты зейнетақыны тағайындаудың негізінен жасқа тәуелді моделінен еңбек өтіліне негізделген модельге кезең-кезеңімен көшу орынды деп санаймыз, – деді Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Нұғманов.

Оның айтуынша, мұндай тәсіл Қазақстанда қазірдің өзінде жекелеген санаттар – әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін қолданылады.

Азамат қажетті еңбек өтіліне жеткеннен кейін зейнетке шығу уақытын өзі айқындай алады және бұл шешім үшін экономикалық жауапкершілікті өз мойнына алады. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, масылдық көңіл-күйді азайтуға және еңбекке жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді, – деді сенатор.

Сондай-ақ ол жаңа модель зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын күшейтуі мүмкін екенін айтты.

Бұл мемлекеттік бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Себебі теңгерімді тәсіл қалыптасып, экономикалық белсенділіктен негізсіз ерте шығу жағдайлары қысқарады, – деп түсіндірді ол.

Депутаттық сауалда денсаулық жағдайына байланысты мерзімінен бұрын зейнетке шығу мәселесіне де ерекше назар аударылған.

Қазіргі заңнама мүгедектікті ресми тануға негізделген және еңбекке қабілеттілікті шектейтін созылмалы әрі кәсіби аурулары бар азаматтардың кең ауқымын қамтымайды. Әлеуметтік кодексте медициналық көрсеткіштер бойынша зейнетке шығу құқығын бекіту бұл олқылықтың орнын толтырып, әлеуметтік әділеттілікті арттырар еді, – деді Нұғманов.

Сонымен қатар, оның сөзінше, еңбекке қабілеттілік қалпына келген жағдайда азамат медициналық қорытынды негізінде қайта жұмысқа орала алады.

Сөз соңында сенатор реформаны жан-жақты пысықтау үшін мемлекеттік органдар, сарапшылар, кәсіподақтар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобын құруды ұсынды.

Ұсынылған бастамалар зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оны әлеуметтік әділеттілік пен адами капиталды дамыту қағидаттарына сәйкестендіруге мүмкіндік береді деп күтілуде.