Бүгiн 2026, 13:29 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Зейнетке шықпай-ақ ақша алуға болады: Маман 8 жыл бұрын төлем алудың жолын түсіндірді

Төлемдер өмір бойы жүргізіліп, жыл сайын индекстеліп отырады.

Қазақстанда зейнетақы аннуитетіне сұраныс жыл сайын артып келеді. BCC Life басқарма төрайымы Гүлжан Жақсымбетованың айтуынша, бұл құрал азаматтарға зейнет жасын күтпей-ақ төлем ала бастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, төлемдер өмір бойы жүргізіліп, жыл сайын индекстеліп отырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Зейнетақы аннуитеті қалай жұмыс істейді?

Гүлжан Жақсымбетованың айтуынша, зейнетақы аннуитеті – Қазақстанда 20 жылдан астам уақыттан бері дамып келе жатқан сақтандыру өнімі. Оның сөзінше, бұл мемлекеттік зейнетақы жүйесіне балама емес, оны толықтыратын қаржылық құрал.

Бұл – ай сайын жарна жинап, кейін тұрақты төлем алуға мүмкіндік беретін өнім. 45 жастан асқан азаматтар міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражатын сақтандыру компаниясына аудара алады. Алайда төлемдер бірден басталмайды. Ер адамдар 55 жасқа толғанда, ал әйелдер қолданыстағы талаптарға сәйкес тиісті жасқа жеткенде ғана төлем алады. Болашақта әйелдердің зейнет жасы 63 жасқа дейін ұлғайғаннан кейін де зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдер 55 жастан басталады, – деді ол.

Оның айтуынша, азамат 55 жасқа толғаннан кейін төлемдер 10 күннің ішінде тағайындалады.

Ай сайынғы төлем ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы көлемінде болады. Қазіргі есеп бойынша бұл шамамен 37–38 мың теңге. Бұл төлемдер жыл сайын 8 пайызға индекстеліп отырады және адам өмірінің соңына дейін төлем жүргізіліп отырады. Қаражаттың қанша уақытқа жететіні маңызды емес – төлем өмір бойы жүргізіледі, – деді Жақсымбетова.

Аннуитет сатып алу үшін қандай талаптар бар?

BCC Life басшысы мұндай аннуитетті сатып алу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ белгілі бір жеткіліктілік шегінен асуы қажет екенін айтты.

Әр жас бойынша жеткіліктілік мөлшері есептеледі. Мысалы, 45 жастағы ер адам үшін белгілі бір ең төменгі жинақ көлемі болуы тиіс. Сол қаражаттың негізінде аннуитет сатып алынады. Есептеу кезінде адамның ай сайын алатын төлемі, оның көлемі және өмір бойғы төлемдер ескеріледі, – деді ол.

Зейнетақы қорынан айырмашылығы неде?

Гүлжан Жақсымбетова зейнетақы аннуитетінің БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақыдан басты айырмашылығын да түсіндірді.

Оның айтуынша, мемлекеттік зейнетақы үш бөліктен тұрады: базалық зейнетақы, 1998 жылға дейін еңбек еткен азаматтарға берілетін ынтымақты зейнетақы және міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған жеке жинақ.

Міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақ тек сол қаражат толық таусылғанға дейін ғана төленеді. Жинақ біткеннен кейін азаматқа тек базалық және бар болса ынтымақты зейнетақы ғана төленеді. Ал зейнетақы аннуитетінің басты ерекшелігі – төлемдер адамның өмір бойына жалғасады, – деді ол.

Жақсымбетова қазіргі кезде өмірді сақтандыру компаниялары клиенттерге қосымша бонус та ұсынатынын айтты.

Келісімшарт жасалып, БЖЗҚ-дан сақтандыру компаниясына қаражат түскеннен кейін клиент шамамен 11 пайызға дейін дивиденд немесе бонус алады. Бұл – зейнетақы аннуитетін рәсімдегені үшін берілетін қосымша артықшылық, – деді басқарма төрайымы.

Жинақ көбейсе, төлем де өседі

Оның сөзінше, азамат аннуитет сатып алғаннан кейін де жұмысын жалғастырып, зейнетақы жарналарын төлей береді.

Адам әрі қарай да жинақ қалыптастырады. Кейін ол қаражатты да сақтандыру компаниясына аудара алады. Мұндай жағдайда қосымша келісім жасалып, аннуитет көлемі қайта есептеледі. Соның нәтижесінде сақтандыру төлемдерінің мөлшері де ұлғаяды. Яғни жыл сайынғы индекстеуден бөлек, жинақ көлемі артқан сайын төлем де көбейеді, – деді ол.

Зейнетақы аннуитетіне сұраныс артып келеді

BCC Life басшысы соңғы жылдары зейнетақы аннуитетіне қызығушылық айтарлықтай өскенін атап өтті.

Жеткіліктілік шегі өзгергеннен кейін сұраныс бұрынғыдан да артты. Нарықтың соңғы көрсеткіштеріне қарасақ, бірнеше айдың ішінде сақтандыру нарығы 462 млрд теңге жинады. Соның 259 млрд теңгесі – зейнетақы аннуитетіне тиесілі. Бұл басқа сақтандыру өнімдерінен екі есе жоғары көрсеткіш. Қазір нарықтың негізгі драйвері дәл осы зейнетақы аннуитеті болып отыр, – деді ол.

Оның болжамынша, бұл өнімге деген сұраныс алдағы жылдары да жоғары деңгейде сақталады.

Жалпы сақтандыру нарығы жыл сайын 10 пайыздан астам өсіп келеді. Ал зейнетақы аннуитеті бойынша өсім шамамен 20 пайыз болады деп сенемін. Өйткені мұндай өнімді сатып ала алатын азаматтардың саны жыл сайын көбейіп келеді, – деді Жақсымбетова.

Зейнетақы аннуитетінің негізгі артықшылықтары

Гүлжан Жақсымбетова зейнетақы аннуитетінің басты артықшылықтарын да атап өтті. Оның айтуынша, ең бірінші артықшылық – азаматтар өз жинағын мемлекеттік зейнет жасына дейін шамамен сегіз жыл бұрын ала бастайды.

Екіншіден, төлемдер өмір бойы жүргізіледі. Үшіншіден, сақтандыру компаниялары қосымша бонус береді. Сонымен қатар, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленетін азаматтар мұндай аннуитетті 40 жастан бастап сатып ала алады. Бұл да олардың маңызды артықшылықтарының бірі, – деді BCC Life басқарма төрайымы.