Бүгiн 2026, 10:53 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

“Зейнетақыны шешіп береміз”: БЖЗҚ халыққа маңызды ескерту жасады

Зейнетақы төлемдері тек заң аясында және уәкілетті операторлар арқылы ғана жүзеге асырылады.

БЖЗҚ қазақстандықтарға зейнетақы жинағын алуға көмектесеміз деген делдалдардың қызметіне сенбеуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қор мәліметінше, мұндай ұсыныстардың көбі алаяқтық сипатта.

Әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда зейнетақы жинағын ең төменгі жеткіліктілік шегінен (ТЖШ) асқан жағдайда “алып беруге көмектесеміз” деген ұсыныстар әлі де таралып жатыр. Алайда мұндай қызметтер үшін алдын ала төлем талап етіледі.

БЖЗҚ бұл әрекеттердің заңсыз екенін атап өтті.

Зейнетақы төлемдері делдалсыз және ешқандай комиссиясыз жүзеге асырылады.

Қор ескертуінше, күмәнді схемаларға қатысу азаматтарды қаржылық шығынға ұшыратып қана қоймай, жеке деректердің таралу қаупін де арттырады.

Зейнетақы жинағын кімдер пайдалана алады

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, зейнетақы жинақтарын тек нақты жағдайларда алуға болады. Атап айтқанда:

  • зейнет жасына жеткенде
  • 1 немесе 2 топ мүгедектігі белгіленгенде
  • шетелге тұрақты тұруға кеткенде
  • мұрагерлік жағдайында

Сондай-ақ жинақтың бір бөлігін:

  • тұрғын үй жағдайын жақсартуға
  • емделу ақысын төлеуге пайдалануға болады. Бірақ бұл тек заңда көрсетілген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

Зейнетақы жинақтарын пайдалану тек уәкілетті операторлар – екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Делдалдардың қызметі қажет емес.

БЖЗҚ азаматтарға тек ресми ақпарат көздеріне сеніп, күмәнді ұсыныстардан бас тартуға кеңес береді.

Бұған дейін Еңбек министрі "Зейнетақы қорынан ақша алу қиындай ма?" деген сауалға жауап берді. Ол зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану шегін есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізіліп, оны келесі айдың соңына дейін жаңарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, қазақстандықтар зейнетақы жинағын өздері басқара алатыны, жаңа мүмкіндік қалай жұмыс істейтіні хабарланған еді.