Бүгiн 2026, 13:14 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Зейнетақыдағы ақшаға жаңа шектеу: Кім және қанша ала алады

Министрлік ерте ақша алудың тәуекелін түсіндіріп, есептеу тәртібін өзгертпек

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинағындағы ақшаны мерзімінен бұрын алу тәртібін неге өзгертетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Негізгі мақсат – адамдар қартайғанда жеткілікті зейнетақы алып, қаржылық жағынан қиындық көрмеуі.

Министрліктің айтуынша, зейнетақыдағы ақша – бұл кейін тұрақты табыс көзі. Оны кез келген уақытта шешіп ала беретін қаражат ретінде қарастыру дұрыс емес. Әсіресе жастар үшін бұл маңызды, өйткені олардың болашақ зейнетақысы өз жинақтарына тікелей байланысты болады.

Қазіргі жүйе бойынша, адам жинағындағы белгілі бір шектен асқан ақшаны ала алады. Бірақ бұл есеп «бәрі жақсы болады» деген болжамға негізделген: яғни адам үнемі жұмыс істеп, тұрақты түрде жарна төлейді деп есептеледі. Ал өмірде жұмыссыз қалу немесе табыстың тұрақсыз болуы сияқты жағдайлар бар, олар ескерілмеген.

Тағы бір мәселе – соңғы үш жылда бұл шек қайта қаралмаған.

Сондықтан министрлік енді жаңа, нақтырақ есептеу әдісіне көшпек. Онда адамның өмір сүру ұзақтығы, инвестициялық табыс және болашақтағы зейнетақы мөлшері ескеріледі.

Мысалы, 46 жастағы адамның шотында 11 млн теңге болса, оның 7,8 млн теңгесі – міндетті сақталуы керек сома. Қалған 3,2 млн теңгені ол қазір ала алады.

Бірақ егер осы ақшаны шешіп алса, кейін ай сайын алатын зейнетақысы өте төмен болады – шамамен 35 мың теңге. Ал егер ақшаны қозғамай сақтаса, болашақта алатын зейнетақысы 2-2,5 есе көп болуы мүмкін.

Жаңа өзгерістердің мәні – адамдар бүгін ақша алса да, ертең жеткілікті зейнетақысыз қалмауын қамтамасыз ету. Яғни мемлекет халықтың болашағын қорғауды көздеп отыр.