Зейнетақы жинақтарын 100% аудару: 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда жаңа ереже күшіне енеді
7 қыркүйектен бастап Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) салымшылары үшін мүмкіндіктер кеңейеді.
7 қыркүйектен бастап азаматтар міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан қаражаттың 100 пайызына дейін жеке инвестициялық портфелді басқарушыларға беру құқығына ие болады, деп хабарлайды BAQ.KZ БЖЗҚ ресми сайтына сілтеме жасап.
Зейнетақы жинақтарын 100% беру үрдісі қалай жүзеге асады?
Қазіргі уақытта салымшылар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 50%-на дейінгі бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ), сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ИПБ-ға бере алады.
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшылардың міндетті зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға беру мүмкіндігі 100%-ға дейін кеңейеді. Салымшыларға ИПБ-ны таңдау кезінде қолайлы болуы үшін зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі invest.enpf.kz интернет-платформасында ай сайын барлық қажетті ақпарат жарияланады.
Атап айтқанда, онда қаржылық көрсеткіштер, зейнетақы активтерінің кірістілігі, сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтерінің көлемі, инвестициялық портфельдің құрылымы және оның динамикасы көрсетіледі.
Өтінішті қалай беру керек?
Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру үшін салымшы зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген ИПБ тізілімінен қажетті ИПБ-ны таңдауы қажет. Бұл туралы толық ақпарат БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер – Сенімгерлік басқаруға беру – Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінде орналастырылған. Одан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш беру қажет. Мұны БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып немесе БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып жасауға болады.
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы берілген өтініштің мәртебесін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы «Менің төлемдер/аударымдар/ЕЗЖ қайтаруға қатысты өтініштерім» бөлімінен бақылауға болады.
ИПБ-ға беру туралы өтініштерді қабылдау, сондай-ақ оларды БЖЗҚ-да өңдеу үрдістері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беруді нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде жүзеге асырады.
ИПБ салымшыларға не ұсына алады?
2023 жылғы 1 шілдеден бастап салымшылар міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 50%-на дейінгі бөлігін және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ең төменгі жеткіліктілік шегін есепке алмай, ИПБ-ға аудару мүмкіндікке ие болды. Сонымен қатар, егер сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған болса, МЗЖ және/немесе МКЗЖ бойынша жинақтардың бүкіл сомасын аударуға болады.
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап салымшылардың міндетті зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға беру мүмкіндігі 100%-ға дейін кеңейеді.
Зейнетақы жинақтарының 100%-на дейінгі бөлігін ИПБ басқаруына беру салымшыларға ИПБ-лардың көрсеткіштері мен инвестициялық стратегияларын зерделеу негізінде, өздерінің жеке қалауларын ескере отырып, капиталды ұзақ мерзімді перспективада көбейтуге мүмкіндік береді.
Қандай компанияларға зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат берілуі мүмкін?
Зейнетақы активтерін басқаруға, қолданылатын стратегиясына қарамастан, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің зейнетақы активтерін басқаруға жіберілген ИПБ тізіліміне енгізілген компанияларға ғана рұқсат беріледі.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ИПБ-ларға арнайы талаптар әзірлеген. Атап айтқанда, олардың инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы, нарықта және клиенттердің активтерін басқаруда табысты жұмыс тәжірибесі, соңғы бірнеше жылдағы қаржы-шаруашылық қызметінің оң нәтижелері, зейнетақы активтерін инвестициялауға байланысты шығындарды өтеуге жеткілікті меншікті капиталы және т.б. болуы тиіс.
Сонымен қатар, ИПБ БЖЗҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасуы, сондай-ақ БЖЗҚ және кастодиан-банкпен үшжақты кастодиандық шарт жасасуы қажет.
Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаруға алты компания жіберілген. Олар БЖЗҚ ресми сайтында көрсетілген.
Зейнетақы жинақтарын басқаруды қай компанияға сеніп тапсыру керектігін қалай таңдауға болады?
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдамас бұрын, нарықтағы ИПБ-лардың қолданыстағы тізімімен мұқият танысып, олардың БЖЗҚ сайтында орналастырылған инвестициялық декларацияларын зерделеу ұсынылады.
Сондай-ақ ИПБ-лардың қаржылық көрсеткіштерін, сонымен бірге ИПБ-ға қатысты реттеуші орган - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар және ықпал ету шаралары туралы ақпаратты (егер олар болған жағдайда) талдау қажет.
ИПБ-ны таңдау – салымшының дербес шешімі
БЖЗҚ-ның invest.enpf.kz порталында әртүрлі ИПБ қызметінің тиімділігін сипаттайтын маңызды көрсеткіштерді салыстыруға болады. Олардың қатарында: кірістілік, УЕ (зейнетақы активтерінің инвестициялау нәтижесінде өзгеруін сипаттау үшін пайдаланылатын зейнетақы активтері құнының үлестік шамасы, оның бағамы есептелген инвестициялық кіріске (залалға) байланысты болады), портфельдің құрылымы және ИПБ-ның қаржылық көрсеткіштері бар.
Инвестициялық басқару жөніндегі бірыңғай ақпараттық интернет-платформа - салымшыларға зейнетақы инвестицияларын онлайн режимде талдауға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс.
Жеке кабинетте салымшы, сондай-ақ:
-
ИПБ-ға/ИПБ-дан/ҚР Ұлттық Банкіне беруге немесе қайтаруға қолжетімді соманы тексере алады;
- ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚР Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш беру ережелерімен және шарттарымен таныса алады;
- ИПБ-ны таңдау (өзгерту) немесе ҚР Ұлттық Банкіне қайтару туралы өтініш бере алады және оның мәртебесін бақылай алады;
- басқа да қолжетімді зейнетақы қызметтерін пайдалана алады.