Бүгiн 2026, 15:11 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Зейнетақы жинағындағы ақшаны алу қиындай ма? Министрлік жаңа тәсілді түсіндірді

Министрлік зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын алу ережелерін қайта қараудың себебін түсіндірді

Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу шарттары қайта қаралуы мүмкін. Бұл қоғамда “ақша алуды қиындатайын деп жатыр ма?” деген сұрақ тудырды. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мұндай пікірмен келіспейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, әңгіме талаптарды “қатаңдату” туралы емес, зейнетақы жүйесінің негізгі мақсатына сәйкестендіру жайында болып отыр.

Мәселе шектеуді күшейту туралы емес. Бұл – зейнетақы жинақтарының басты мақсатына сәйкестігін қамтамасыз ету. Негізгі мақсат - азаматтарды зейнет жасына жеткенде тұрақты төлемдермен қамту, - деді вице-министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілген еді. Соның нәтижесінде азаматтар шамамен 5 триллион теңгеге жуық қаражатты пайдаланған.

Дегенмен сарапшылар мен қоғамда “егер кейін талаптар өзгертілетін болса, неге бастапқыда мұндай мүмкіндік берілді?” деген пікірлер айтылуда.

Бұл сұраққа жауап берген Виктория Шегай өз ұстанымын тағы да қайталады.

Егер азаматтарға дәл қазір сол қаражат қажет болса, неге оларға мүмкіндік бермеске? Бұл - уақытындағы дұрыс шешім болды. Бірақ кез келген жүйе уақыт өте қайта қаралып отырады, - деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, зейнетақы жүйесі жинақтаушы сипатқа ие болғандықтан, азаматтардың болашақтағы әлеуметтік қорғалуы олардың еңбек өтілі мен жинақ көлеміне тікелей байланысты. Сондықтан әдістемені кезең-кезеңімен жаңарту – қалыпты тәжірибе.