Зейнетақы жинағын тұрғын үй алу үшін пайдалануға бола ма?
Қазақстанда зейнетақы жинағын тұрғын үйге жұмсауға қатысты маңызды шешім дайындалуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі "Ашық НҚА" порталына сілтеме жасап.
Қазақстан азаматтарына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылуы мүмкін.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 21 қарашаға дейін "Ашық НҚА" порталында талқылауға ұсынылатын бұйрық жобасын әзірледі.
Жоба зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтуді қарастырады. Атап айтқанда, оларды келесі бағыттарға жұмсауға рұқсат беру ұсынылады:
– Ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша негізгі қарызды өтеу;
– Ай сайынғы төлемді азайту;
– Несие мерзімін қысқарту.
Құжатта айтылғандай, жаңартулар Салық кодексінің жаңа редакциясымен байланысты. Оған сәйкес Қазақстан резиденттері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) алынатын зейнетақы төлемдері бойынша жеке табыс салығын төлеуден босатылады.
Қағидалар жеке тұлғалардан - ҚР резиденттерінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері түріндегі кірістен жеке табыс салығын ұстаудан босатуды көздейтін ҚР жаңа Салық кодексінің редакциясына сәйкес келтіру және банктер алдындағы борыштық жүктемені азайту үшін негізгі қарызды өтеу, ай сайынғы төлемді азайту, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кредит мерзімін қысқарту, ҚР заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін тиімді нормаларды белгілеуді қарастырады, - деп жазылған құжатта.
Министрлік өзгерістердің мақсаты – біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану процесін тиімді әрі ыңғайлы ету, сондай-ақ азаматтарға қолданыстағы заңнаманың шеңберінде тұрғын үй жағдайларын жақсартуға қосымша құралдар ұсыну екенін атап көрсетеді.
Қоғамдық талқылауға ұсынылған жаңа ережелер зейнетақы жинақтарын пайдалану тәртібіне қатысты тұрғындардың наразылығын тудырды.
Пайдаланушылардың пікірінше, жоба толық көлемде порталға жүктелмеген, ал талқылау ашық және заңды түрде жүргізілмей отыр.
Кей азаматтар жобаның түсіндірме жазбасы мен салыстырмалы кестесі жарияланбағанын атап өтіп, мұндай жағдайда қоғамдық талқылау формалды сипатта өтуде деп есептейді.
Порталда ешқандай ыңғайлылық жоқ. НҚА жобасы мен түсіндірме жазбасы жоқ болғандықтан, бұл талқылауды өткізілді деуге болмайды, – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Негізгі наразылық зейнетақы жинақтарын ипотекалық қарызды өтеу үшін пайдалану тетігін шектеуге бағытталған ұсынысқа қатысты.
Ай сайынғы төлемдерді БЖЗҚ қаражаты есебінен өтеймін. Егер бұл мүмкіндікті алып тастаса, отбасылық бюджетке үлкен салмақ түседі, – дейді тағы бір азамат.
Кей пікір білдірушілердің айтуынша, мұндай шектеулер халыққа қолдау емес, керісінше қиындық тудырады.
Зейнетақы жинағы – адамның жеке ақшасы. Оны тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қалай пайдалану керектігін азаматтың өзі шешуі керек, – делінген пікірлердің бірінде.
Бұдан бөлек пайдаланушылар уәкілетті органдардан жобаның толық нұсқасын ашық жариялауды және пікірлерді ескеруді талап етіп жатыр.
Еске салайық, бүған дейін зейнетақы қалай есептелетіні туралы жазған болатынбыз.