Бүгiн 2026, 14:40 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Зейнетақы жинағын алуға қатысты жаңа шек қашан жарияланады?

Жеткіліктілік шектерін есептеу және жариялау мерзімі аяқталуға жақын.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану үшін белгіленетін жеткіліктілік шектерінің жаңартылған мөлшері жақын күндері жариялануы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Сенаттың кулуарында берген сұхбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, аталған мәселеге қатысты қаулы 2026 жылғы 21 мамырда қабылданған.

Қаулыға сәйкес, ресми жарияланғаннан кейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жеткіліктілік шектерін 10 күнтізбелік күн ішінде есептеп, жариялауы тиіс. Егер 25 мамырдан бастап есептесек, онда бұл мерзім ертең аяқталады, – деді Шегай.

Вице-министрдің сөзінен белгілі болғандай, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құжатта көрсетілген талаптарға сәйкес қажетті есептеулерді жүргізіп, жаңартылған көрсеткіштерді белгіленген мерзімде жариялауы қажет.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда БЖЗҚ-ның жеткіліктілік шегі өзгеретіні туралы жаздық.

Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жинақтарды тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану мүмкіндігі сақталатынын мәлімдеген болатын.