Зейнетақы жинағы таусылса, не болады? Маман аннуитеттің артықшылығын түсіндірді
Қазақстандықтар зейнетақы жинағы таусылған жағдайда қандай табыс көзіне сүйене алады? «BCC Life» ӨСК компаниясының зейнетақы аннуитеті бойынша өнім менеджері Айгүл Сәдуақасова зейнетақы аннуитетінің басты артықшылығыy түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражат шектеулі. Жинақ таусылған кезде қордан төленетін ақша да тоқтайды. Ал зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері адамның өмір бойы жалғасады.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі ынтымақты зейнетақы сақталады. Алайда 1998 жылға дейін жеткілікті еңбек өтілі болмаған азаматтар оған үміт арта алмайды. Мұндай жағдайда олардың негізгі табыс көзі базалық зейнетақы болуы мүмкін.
Мысалы, БЖЗҚ-дағы 15 миллион теңге жинағыңыз 78 жаста таусылса, қордан төлем тоқтайды. Одан кейін базалық және ынтымақты зейнетақы ғана қалады. Бірақ 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліңіз болмаса, ынтымақты зейнетақы ала алмайсыз. Инфляцияны да ескерсек, бұл оңай жағдай емес, - деді Айгүл Сәдуақасова.
Ол зейнетақы аннуитетінің ерекшелігін түсіндіру үшін шартты мысал келтірді. Оның айтуынша, 55 жастағы әйел БЖЗҚ калькуляторы арқылы болашақ төлемдерін есептегенде, жинағы 78 жасқа қарай таусылатынын көрген. Бұдан кейін оның ай сайынғы табысы базалық және ынтымақты зейнетақымен шектелмек. Есеп бойынша, базалық зейнетақысы 50 мың теңге, ал ынтымақты зейнетақысы 120 мың теңге болған. Осылайша, ай сайынғы төлемі 170 мың теңгені құраған.
Ал зейнетақы аннуитетінде төлемдердің мерзімі шектелмейді. Өнім менеджерінің айтуынша, сақтандыру компаниясы есептеулер жүргізгенде адамның өмір сүру ұзақтығын ескеретін арнайы кестелерді пайдаланады. Есептеу 111 жасқа дейінгі кезеңді қамтиды. Егер адам бұдан да ұзақ өмір сүрсе, төлемдер жалғаса береді.
Сонымен қатар аннуитет бойынша төлемдер индекстеледі. Яғни төлем мөлшері шарт талаптарына сәйкес өсіп отыруы мүмкін. Сақтандыру компаниясына аударылған бастапқы қаражат таусылған күннің өзінде, компания келісімшарт бойынша төлем жасауды жалғастырады.
Адам неғұрлым ұзақ өмір сүрсе, ай сайын алатын төлемі де соғұрлым артуы мүмкін. Тіпті сақтандыру компаниясына аударған 15 миллион теңгеңіз өміріңіздің 70-жылында таусылса да, одан кейінгі төлемдер сақтандыру компаниясының міндеттемесі болып қала береді. Зейнетақы аннуитетінің негізгі артықшылығы да осында, - деді ол.
Маманның айтуынша, зейнетақы аннуитетіне тек зейнет жасына жетпеген азаматтар ғана емес, мемлекеттік зейнетақы жүйесінен төлем алып жүрген зейнеткерлер де ауыса алады. Ол үшін БЖЗҚ-дағы жинақ жеткілікті болуы керек. Қажетті сома адамның жасына қарай өзгереді.
Сарапшы осыған қатысты бір мысалды да атап өтті. Оның сөзінше, мемлекеттік зейнетақы алып жүрген әйел аннуитет рәсімдеу үшін өз қаражатынан қосымша 2 миллион теңге аударған. Әйел қысқа мерзімде БЖЗҚ-дан алатын төлемдерін сақтандыру компаниясынан түсетін төлеммен салыстырғанда тиімдірек деп бағалағанымен, ұзақ мерзімді перспективада өмір бойы төлем алу мүмкіндігін таңдаған.
Қысқа мерзімде БЖЗҚ-дан барлық зейнетақы төлемін қосқанда 220 мың теңге алған тиімдірек көрінуі мүмкін. Ал аннуитетке ауысқан жағдайда ай сайынғы табысым шамамен 20 мың теңгеге азаяды. Бірақ ұзақ мерзімде төлем алуды жалғастырамын. Сондықтан ол қажетті соманы толықтыру үшін өз қаражатынан 2 миллион теңге аударып, аннуитетке ауысуға шешім қабылдады, - деді Айгүл Сәдуақасова.
Маманның пікірінше, зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегінің өсуі де азаматтардың зейнетақы аннуитетіне қызығушылығын арттырған. Қазір бұл өнімге қатысты ақпаратты зерттеп, оның ұзақ мерзімді артықшылықтарын түсініп келетін азаматтар көбейіп келеді.