Зейнетақы жинағы: Қазақстандықтар нені білуі керек?
Жаңа жеткіліктілік шегі неге күрт өсті? БЖЗҚ өкілі зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға қатысты басты сұрақтарға жауап берді.
Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану үшін қолданылатын ең төменгі жеткіліктілік шегі қайта есептелді. Бұл жаңалық қоғамда қызу талқыланып, көптеген азамат арасында сұрақ туғызды. Кейбірі жаңа талаптарды зейнетақы жинағын алуды қиындататын өзгеріс ретінде қабылдаса, енді бірі оның мәнін түсінуге тырысып жатыр.
Осыған байланысты «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов жеткіліктілік шегінің не үшін өзгергенін, оның қалай есептелетінін және бұл жаңашылдық қазақстандықтарға қалай әсер ететінін түсіндірді.
Жеткіліктілік шегі деген не?
Мұрат Шәріповтің айтуынша, жинақтаушы зейнетақы жүйесі Қазақстанда 1998 жылдан бері жұмыс істейді. Сол уақыттан бері азаматтар табысының 10 пайызын зейнетақы қорына аударып келеді.
Зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты – азаматтарды еңбек қызметі аяқталғаннан кейін қаржылай қамтамасыз ету.
Алайда 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану мүмкіндігі берілді.
Зейнетақы жинақтарын пайдалану кезінде болашақ зейнеткерлер зейнетақысыз қалып қоймауы керек деген қағида негізге алынды. Сондықтан ең төменгі жеткіліктілік шегі енгізілді. Бұл – азаматтың болашақта лайықты зейнетақы алуына жеткілікті қаражат көлемін көрсететін шек, – деді Мұрат Шәріпов.
Яғни азамат өзінің зейнетақы шотында жеткіліктілік шегінен асатын қаражат болған жағдайда ғана сол артық соманы тұрғын үй немесе емделу мақсаттарына пайдалана алады.
Неліктен жаңа шек енгізілді?
БЖЗҚ өкілінің айтуынша, бұрынғы әдістеме бойынша жеткіліктілік шегі есептелген кезде азаматтардың зейнет жасына дейінгі болашақ жарналары да ескерілген.
Алайда тәжірибе көрсеткендей, барлық азаматтың зейнетақы жарнасы тұрақты және толық көлемде түспейді.
Бұрынғы есептеулерде азаматтардың болашақта міндетті түрде жарна төлейтіні болжанатын. Бірақ өмірде бәрі олай бола бермейді. Кейбір азаматтардың шотына жарна уақытылы түспейді немесе мүлде аударылмайды. Мұндай жағдайда адам болашақта жеткілікті зейнетақысыз қалуы мүмкін, – деді спикер.
Сондықтан жаңа әдістемеде болашақтағы болжамды жарналар есептен алынып тасталған.
Жаңа әдістеме қалай есептелді?
Мұрат Шәріповтің сөзінше, жаңа көрсеткішті есептеу кезінде бірқатар маңызды әлеуметтік және экономикалық факторлар ескерілген.
Атап айтқанда:
- халықтың өмір сүру ұзақтығы;
- өмір сүру деңгейі жөніндегі халықаралық және ұлттық статистика;
- ең төменгі жалақы;
- ең төменгі зейнетақы мөлшері;
- инфляция деңгейі;
- инвестициялық кірістің болжамы.
Жеткіліктілік шегі белгілі бір соманы жинаған азаматтың болашақта өзін лайықты зейнетақымен қамтамасыз ете алатынын көрсетеді. Бұл адамның қай жаста жұмыс бастағанына немесе қанша жалақы алғанына байланысты емес, – деді ол.
Неге шек бірден өсіп кетті?
Қоғамда ең көп талқыланған мәселенің бірі – жеткіліктілік шегінің кей санаттар үшін 79 пайызға дейін өсуі.
БЖЗҚ басқарушы директоры мұның басты себебі жаңа есептеу әдістемесінде екенін айтты.
Зейнеткерлік жасқа жақындаған сайын жеткіліктілік шегі жоғары болады. Өйткені адамның жинақ жасауға уақыты азаяды. Бұрынғы әдістеме бойынша болашақтағы жарналар есепке алынатын болса, қазір олар ескерілмейді, – деді ол.
Сонымен қатар соңғы жылдары ең төменгі жалақы айтарлықтай өзгермегенімен, өмір сүру құны мен азаматтардың қажеттіліктері өскен.
Сол себепті жеткіліктілік шегін қайта қарау қажеттілігі туындаған.
Бұл өзгеріс кімдерге қатысты?
Жеткіліктілік шегі 20 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі барлық салымшы үшін есептеледі.
Алайда бұл көрсеткіш тек зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануды жоспарлаған азаматтарға маңызды.
Егер адам жинағын тұрғын үй немесе емделу мақсаттарына жұмсауды жоспарламаса, бұл шек оның күнделікті өміріне ешқандай әсер етпейді.
Бұл көрсеткіш ең алдымен азаматтың болашақтағы зейнетақысын қамтамасыз етуге бағытталған. Егер адам жинағын пайдалануды жоспарламаса, жеткіліктілік шегі ақпараттық сипатта ғана болады, – деді Шәріпов.
Зейнетақы жинағын қандай мақсаттарға пайдалануға болады?
Қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша азаматтар жеткіліктілік шегінен асатын қаражатты:
- тұрғын үй сатып алуға;
- ипотекалық қарызды өтеуге;
- тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қаражат салуға;
- емделуге жұмсай алады.
БЖЗҚ мәліметінше, бүгінге дейін 1,5 миллионнан астам қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін осы мақсаттарға пайдаланған.
Жеткіліктілік шегі тағы өзгере ме?
Мұрат Шәріповтің айтуынша, заңнамаға сәйкес жеткіліктілік шегі жыл сайын қайта есептеліп отырады.
Сондықтан әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен есептеу әдістемесіне байланысты оның мөлшері алдағы уақытта да өзгеруі мүмкін.
Заң бойынша ең төменгі жеткіліктілік шегі жыл сайын қайта есептеледі. Сондықтан бұл көрсеткіштің өзгеруі қалыпты процесс, – деді ол.
Азаматтарға қандай кеңес берілді?
БЖЗҚ өкілі азаматтарға ең алдымен зейнетақы жинағының негізгі мақсатын ұмытпауға кеңес берді.
Оның айтуынша, зейнетақы жүйесі – қысқа мерзімді қаржылық құрал емес, азаматтың қартайған шағындағы табысын қамтамасыз ететін ұзақмерзімді жинақтау механизмі.
Зейнетақы жинақтары ең алдымен болашақтағы өмір сапасын қамтамасыз ету үшін жиналады. Сондықтан азаматтар жинақтарын пайдаланбас бұрын барлық мүмкіндіктер мен тәуекелдерді жан-жақты саралағаны жөн, – деді Мұрат Шәріпов.
Сондай-ақ ол жастарға тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін қарастыруды, ал емделу мәселелерінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің құралдарын пайдалануды ұсынды.
БЖЗҚ мәліметінше, жеткіліктілік шегінен асатын қаражаты бар азаматтар заңда белгіленген тәртіппен оны тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсаттарына алдағы уақытта да пайдалана алады.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк зейнетақы жүйесі өзгеретінін айтып, маңызды мәлімдеме жасады.